
Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Онда Қордың 2025 жылғы жұмысының қорытындылары және басым инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңдегі өндірістік және қаржылық қызметтің нәтижелерін бяндады. Мәселен, газды тасымалдау бір жылда 9%-ға, жүк айналымы 5%-ға, мұнай мен газ конденсатын өндіру 3%-ға өскен. Қаржылық тұрақтылық пен инвестициялық динамикаға ерекше назар аударылуда. 2025 жылғы бағалау бойынша Қордың кірісі 19,1 трлн теңгені, EBITDA 5,4 трлн теңгені, таза пайда 2,1 трлн теңгені құрады. Басқарудағы активтер $88 млрд-қа дейін немесе 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға өскені атап өтілді. Өсім инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және таза пайданы ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
Директорлар кеңесі сондай-ақ жалпы құны 52 трлн теңге болатын, экономиканың басым салаларын, соның ішінде энергетика, көлік, мұнай-газ секторы және басқа бағыттарды қамтитын 120 жобадан тұратын топтың инвестициялық портфелін жүзеге асыру барысы туралы ақпаратын тыңдады. Жобаларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жүргізіледі. 2025 жылы Қор компаниялары отандық өндірушілермен шамамен 2,2 трлн теңгеге (2024 жылы – 1,1 трлн теңге) 9 мыңға жуық шарт жасасып, өсім 98%-ды құрады. Сондай-ақ 2025 жылы жалпы сомасы шамамен 260 млрд теңгеге 363 офтейк-келісімшарт жасалды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 30%-ға артық.
2025 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 10 жобаны аяқтады. Олардың қатарында жылына 750 мың тоннаға дейін өнім өндіру қуатымен CASPI BITUM өндірісін кеңейту, тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту қуаты бар Кендірлідегі тұщыту зауыты, «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолдарын салу, сондай-ақ контейнерлік инфрақұрылымды дамыту және өнеркәсіптік өндірісті локализациялау жобалары бар.
2026 жылы энергетикалық, көлік, цифрлық және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға, транзиттік әлеуетті нығайтуға әрі Қазақстан Республикасының тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар стратегиялық маңызды жобаны аяқтау жоспарланып отыр.
Нұрлан Жақыпов Кеңес мүшелеріне 2026 жылы еліміздің ЖІӨ-нің өсіміне оң әсер ететін жоспарланған инвестициялық шығындар 5,3 трлн теңгені (2025 жылы – 2,7 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге) құрайтынын хабарлады. Бұл қаражатқа жаңа қуаттарды іске қосуға көзделген, олардың ішінде Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3, Түркістандағы БГҚ, Каспий теңізінің түбіндегі Транскаспий талшықты-оптикалық желісі және тағы басқалар бар.
Премьер-министр Қор басшылығына ірі жобалардың жүзеге асырылуын күнделікті тікелей бақылауда ұстауды тапсырды.
Базалық инфрақұрылымды: энергетикалық, көліктік, цифрлық инфрақұрылымды салу жөніндегі жобалар ерекше бақылауды талап етеді. Барлық нысандар белгіленген мерзімде тапсырылуы тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
В Атырау -10