Атырау, 20 ақпан 20:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 489.17
€ 576.63
₽ 6.38

Қазақстанда қызылшаға қарсы күрес күшейтілді

117 рет қаралды

Қазақстанда қызылшаға қарсы иммундау күшейтіліп, бірқатар инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы иммундау шараларын күшейтуді көздейтін тиісті қаулы шығарылды. Ұйымдастырылған ұжымдарда, әскери бөлімдерде және білім беру мекемелерінде қызылша жағдайлары тіркелген кезде эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар, соның ішінде егілмеген адамдарды уақытша шеттету жүргізілетін болады.

Балаларды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу туралы бөлек ескертілді: ол қызылшаға қарсы вакцинациялау болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларды қоспағанда.

Денсаулық сақтау министрлігінде вакцинация қызылшадан және басқа да инфекциялардан қорғаудың ең сенімді әдісі болып қала беретінін, ал Қазақстанда қолданылатын вакциналар халықаралық стандарттарға және ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келетінін және сапа мен қауіпсіздік бақылауынан өтетінін атап өтті.

Сондай-ақ Сархат Бейсенова жыл басынан бері ел бойынша қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелгенін хабарлады. Еліміздің тоғыз өңірінде: Астана қаласында, Алматы қаласында, Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстарында аурудың өскені байқалады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жағдайлардың 72%-ы 5 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Бұл ретте жағдайлардың 78%-ында ауру егілмегендерде анықталады: олардың ішінде 56%-ы – екпеден бас тартқандар, 14%-ы – медициналық қарсы көрсетілімдері барлар, 30%-ы – екпе жасына жетпеген балалар.

Өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру үшін эпидемияға қарсы шаралар және нысаналы жас топтарын жоспарлы иммундау жалғасуда. Бұдан басқа, 2025 жылдың қарашасынан бастап қолда бар вакциналар көлемі шеңберінде 6-11 айлық балаларға қосымша иммундау күшейтілді.

Бүгін, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.