
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Конституцияның жаңа редакциясы жобасына қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсінік берді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Конституцияның жаңа редакциясы жобасының 27-бабы 4-тармағындағы демалыс құқығына қатысты тұжырымдамада «демалыс» сөзінің алдында «жыл сайынғы» сөзі алынып тасталғаны жөнінде ақпарат тараған. Жекелеген жарияланымдарда бұл өзгеріс қызметкерлердің құқықтарын шектеуге негіз болады деген пікірлер келтірілген.
Министрлік аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Ведомство атап өткендей, Конституция құқықтар мен бостандықтардың негізгі қағидаттары мен кепілдіктерін бекітетін, олардың іргелі сипатын айқындайтын жоғары заңдық күші бар акт болып табылады. Құқықтарды іске асырудың нақты мазмұны мен тетіктері салалық заңнамада айқындалады.
Министрліктің ақпараты бойынша, 27-баптың жобасында демалыс құқығы заңмен кепілдік берілетін әлеуметтік құқық ретінде бекітіледі. Демалыс - осы құқықты жүзеге асыру нысандарының бірі. Оның ұзақтығы, кезеңділігі, берілу тәртібі және өзге де шарттары еңбек заңнамасымен реттеледі.
Ведомство ҚР Еңбек кодексі жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын тікелей көздейтінін, оның ең төменгі ұзақтығын, берілу тәртібін, сондай-ақ демалыс бермеуге тыйым салуды белгілейтінін еске салды. Сонымен қатар, Еңбек кодексінде «демалыс» ұғымы оның әртүрлі түрлерін, атап айтқанда: жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын, әлеуметтік демалыстарды және заңнамада көзделген өзге де демалыс түрлерін қамтиды. Осыған байланысты жобада ұсынылған редакция заң техникасы тұрғысынан неғұрлым дәл және жинақы болып табылады. Бұл ретте демалыс құқығы мемлекет тарапынан кепілдік берілген құқық ретінде сақталады. Аталған нормалар қолданыста қалады және Конституцияның жаңа редакциясының жобасына қайшы келмейді.
"Конституциялық норманың жаңартылған редакциясы жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының күшін жоюды білдірмейді және еңбек заңнамасының автоматты түрде өзгеруіне әкеп соқпайды", - деп атап өтті министрлікте.
Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және негізсіз қорытындыларды таратудан тартынуға шақырады.
В Атырау -10