
Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортшыларға мемлекеттік қолдау көрсетудің кешенді жүйесі жұмыс істейді, оған жаттығу процесін қаржыландыру, халықаралық жарыстарға қатысу, медициналық және ғылыми қолдау, жабдықтау және мамандардың жұмысы кіреді.
Бұл Милан-Кортина 2026 Олимпиада ойындарына ұлттық құрамаларды даярлау туралы хабарламада айтылған.
Олимпиадаға дайындық барысында кешенді іс-шаралар жоспары жасалғаны хабарланды. Қаржыландыру Қазақстанда және шетелде оқу-жаттығу жиындарын, халықаралық жарыстарға қатысуды, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын, сондай-ақ психологиялық дайындықты және жаттығу процесін ұйымдастыруды қамтиды.
Хабарламаға сәйкес елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамытылуда. Милан және Кортина қалаларында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 дисциплина бойынша өнер көрсетті. Олимпиадалық цикл аясында ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты. Дайындық сапасын арттыру мақсатында әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік маман тартылып, заманауи әдістемелер енгізілді, нәтижесінде отандық спортшылардың дайындық деңгейі едәуір артты.
Мемлекеттік қолдаудың нақты мысалы ретінде отандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың даярлығын атап өтуге болады. Олимпиадалық циклді оның мысалында талдай отырып, жоғары дәрежелі спортшыны қолдаудың барлық тетігі толық көлемде іске асырылғанын байқауға болады. Мәселен, 2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал бес халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді.
2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС, федерация және әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады. Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС және федерация желісі бойынша) 26 млн астам теңге болды. Хореограф И.В. Регинаның 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ және федерация желісі бойынша) 23 млн теңгені құрады. Қосымша түрде жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары да қаржыландырылды. Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленді.
Осылайша, көшбасшы спортшыларды даярлау моделі оқу-жаттығу жиынынан бастап, ғылыми-медициналық қамтамасыз ету мен материалдық қолдауға дейінгі кешенді қағидатқа негізделген. Атаулы қаржыландыру тәжірибесі мемлекет тарапынан жүйелі тәсіл ретінде қалыптасып, отандық спортшылардың қысқы спорт түрлерінде әлемнің үздіктерімен тең дәрежеде бәсекелесуіне барлық қажетті жағдай жасалғанын көрсетеді.
В Атырау -10