
Британдық беделді The Telegraph басылымы саяхатшылар кемінде бір рет баруы тиіс әлемдегі ең әсерлі 10 шөлдің тізімін жариялады. Аталған рейтингке Қазақстанның Маңғыстау өңірі енгізіліп, ол Сахара, Атакама және Гоби шөлдерімен қатар аталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мақала авторы Сара Маршалл Маңғыстаудың табиғатын өзге ғаламшардың ландшафтына балайды. Әсіресе, Бозжыра шатқалы мен Үстірт платосы аймағының бірегей геологиялық келбеті ерекше атап өтілген.
«Мұхит түбінің толық бейнесін білмесек те, Қазақстандағы Үстірттің борлы мұнаралары мен әктас иірімдеріне қарап, оның қандай болуы мүмкін екенін көзге елестетуге болады», – деп жазады автор.
Басылым Маңғыстауды «геологиялық ғажайыптардың қазынасы» деп сипаттай отырып, өңірдің басты нысандарын тізбектеген. Олардың қатарында ақ борлы жартас пен зәулім құздар үйлесім тапқан Бозжыра шатқалы, табиғат қалыптастырған жұмбақ шар тастар алқабы, сондай-ақ жартастар арасындағы көне жерасты мешіттері бар.
Сондай-ақ мақалада Каспий теңізі жағалауындағы бұл аймаққа мұнайлы астана – Ақтау қаласынан жол талғамайтын көлікпен жетуге болатыны айтылған. Қазіргі таңда өңірде туризм инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп, теміржол станцияларының құрылысы, жаңа әуежай салу және курорттық аймақтарды кеңейту бағытында инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Автор Маңғыстаудың табиғи келбеті жаппай туризм ықпалына түспей тұрған шақта бұл өңірге барып, ерекше ландшафтарды өз көзімен көруге кеңес береді.
В Атырау -10