
Ұлттық банк теңгенің неге күшейіп жатқанын түсіндірді. Бұл алыпсатарлықтан емес, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың өзгеруінен болып отыр екен. Бұл жайында ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Капитал басылымына хабарлады.
Соңғы кезде теңге долларға шаққанда күшейді. Әсіресе ақпан айында бұл анық байқалды. Ұлттық банктің дерегінше, 2026 жылдың басынан бері теңге 3,3%-ға нығайып, 1 доллар 489,28 теңге болды.
ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, негізгі себептердің бірі – халық пен компаниялардың долларға сұранысының азаюы.
«Мысалы, 2025 жылдың желтоқсанында валютаға сұраныс 7,9 млрд доллар болса, 2026 жылдың қаңтарында 5,8 млрд долларға дейін төмендеген. Бұл жыл басында жиі болатын жағдай: бюджет қаржысы бірден толық жүрмейді, бизнес те әдеттегіден баяу жұмыс істейді. Ақпан айы теңге үшін көбіне қолайлы болады. Қытай Жаңа жылы кезінде сыртқы саудадағы есеп айырысулар мен қаржы қозғалысы өзгеріп, теңгеге оң әсер етуі мүмкін»,- дейді ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Тағы бір маңызды себеп – салық төлемдері. Ақпанда көптеген компаниялар бюджетке ірі салық төлейді. Сол үшін экспорттаушыларға теңге көбірек керек болады да, олар валюталық табысының бір бөлігін теңгеге ауыстырады. Бұл нарықта доллардың көбірек сатылуына әкеледі.
Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар да теңгені қолдап отыр. Ұлттық банктің мәліметінше, жыл басынан бері резидент еместер Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына шамамен 600 млн доллар қосымша қаржы салған. Олар бұл ақшаны теңгеге айырбастайды, сондықтан нарықта валюта ұсынысы көбейеді. Сондай-ақ, 2026 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары J.P. Morgan Frontier Markets индексіне енуі мүмкін. Бұл да шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыруы ықтимал.
Ұлттық банк тарапынан да нарыққа валюта сатылымы жүріп жатыр. Қаңтарда бюджетке трансферттер үшін 350 млн доллар, ал алтын операцияларын теңестіру тетігі бойынша 689 млн доллар сатылған. Ақпанда да жоспар бойынша сатылым жалғасуда.
Сыртқы жағдай да теңгеге жақсы әсер еткен. Мұнай бағасы жыл басынан бері 16%-ға өсіп, баррелі 70 доллардан жоғары болып тұр. Сонымен қатар, доллардың әлемдік деңгейде әлсіреуі байқалады: DXY индексі 0,6%-ға төмендеген, ал дамушы елдер валюталарының индексі 2,1%-ға нығайған.
Ұлттық банк теңге бағамы еркін өзгеретін режимде екенін еске салды. Сондықтан курс жағдайға қарай күшеюі де, әлсіреуі де мүмкін. Қазір реттеуші нарықта алыпсатарлық белсенділік көріп отырған жоқ және араласуды қажет ететін себеп жоқ екенін мәлімдеді.
В Атырау -10