
Алматыда алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында блогерлер Дамир Кушеев пен Руслан Каримовке үкім шығарылды. Екеуі де бопсалау ісі бойынша кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазТАГ.
Үкім 19 ақпан күні кешкі уақытта жарияланды.
Отырыстан кейін Дамир Кушеев алқабилерге қарата сөйлеп, шешімді әділетсіз деп санайтынын мәлімдеді.
«Сендерге ұят. Бар үмітіміз сендерде еді, жазықсыз адамдарды ақтайды деп сендік. Тергеу дәлелдей алмады, бірақ ақырында бізді соттады. Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бірақ бізге жаза берілді», — деді ол сот залында.
Сотталғандардың жақтастары қылмыстық іс көптеген сұрақ туғызатынын айтып, оны заңбұзушылықтар мен жемқорлық мәселелерін көтерген қоғам белсенділеріне қысым ретінде бағалап отыр.
Еске салайық, 2025 жылғы 23 қаңтарда полиция 28 миллион теңгені бопсалады деген күдікпен екі блогердің ұсталғанын хабарлаған болатын. Дереккөздердің мәліметінше, әңгіме Дамир Кушеев пен Руслан Каримов туралы болған.
Бұған дейін Кушеев Алматы прокуратурасы ғимаратында ықтимал заңбұзушылықтарды бейнетүсірілімге түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу ісі бойынша 15 тәулікке қамауға алынған еді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.
В Атырау -10