
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыруға арналған арнайы құрылғымен жабдықталған жүк көлігін анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Оқиға Самара–Шымкент республикалық маңызы бар автожолында тіркелген. Патрульдеу кезінде Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері 47 жастағы жүргізуші басқарған VOLVO жүк көлігін тоқтатқан.
Құжаттарды тексеру барысында көлік құралына мемлекеттік тіркеу нөмірін сәйкестендіруге кедергі келтіретін арнайы механизм орнатылғаны анықталды. Батырманы басқан кезде нөмір белгісі төмен түсіп, оның көрінуі өзгерген. Құрылғы салонда, руль дөңгелегінің оң жағында орналасқан батырма арқылы басқарылған. Осылайша жүргізуші нөмірді қажет сәтте жасыра алған.
Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция өкілдері жүргізушілерге көлік құралдарын пайдалану қағидаларын қатаң сақтауды ескертті. Мемлекеттік нөмірдің көрінуіне әсер ететін кез келген өзгеріс енгізу заң талаптарын бұзу болып саналады.
В Атырау -10