
Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды заңсыз көтеру фактілері анықталды: бірқатар жеткізушілер 15%-дан аса сауда үстемесін қолданған.
Делдалдық қызмет мәселелері жөніндегі комиссия отырыстарының қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл басынан бері делдалдық қызмет мәселелері бойынша құрылған комиссия 5 отырыс өткізді. Мониторинг жұмыстары барысында бірқатар кәсіпкерлік субъектісінің заң талаптарын бұзғаны белгілі болып, әкімшілік шаралар қолданылды.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мұсағалиев хабарлағандай, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы негізінде 5 кәсіпкерлік субъектіге айыппұл салынды. Оның айтуынша, мониторингтік топ облыстағы кәсіпкерлік субъектілері арасында қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде өткізіп жүр.
Айта кетейік, бағаны әкімшілік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту аясында Үкімет аз қамтылған азаматтарды қолдау үшін цифрлық азық-түлік ваучерлерін енгізу жұмыстарын бастады. Жаңа тетік «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы іске асырылып, мұқтаж азаматтар үшін азық-түлік бағасын тікелей төмендетуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба Ақкөл қаласында іске қосылып, оны Көкшетау қаласына кеңейту жоспарланып отыр. Қазір үш министрліктің бірлескен бұйрығы келісу сатысында. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдау алгоритмі әзірленіп жатыр.
В Атырау -10