
Атырау мұнай құбыры басқармасында Жайық өзені арқылы өтетін магистральдық мұнай құбырының суасты өткелінде қысқы жағдайда шартты апатты оқиғаны оқшаулау және жою бойынша жоспарлы оқу-жаттығу өтті.
Жаттығудың басты мақсаты – персоналдың жедел әрекет етуге дайындығын тексеру, бөлімшелердің өзара іс-қимылын жетілдіру және мұз қату кезеңінде судың ластануын болдырмау шараларын пысықтау болды.
Оқу-жаттығуға басқарманың 31 қызметкері қатысты. Олардың қатарында суасты-техникалық жұмыстар учаскесінің мамандары мен апаттық-қалпына келтіру пунктінің қызметкерлері бар. Сонымен бірге кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің бөлімшелері және «Медикер» ЖШС өкілдері тартылды. Үш бірлік арнайы техника пайдаланылды.
Сценарийге сәйкес, апаттық бригада арнайы жабдықпен мұзды қиғаштап кесіп, өзенге шартты түрде түскен мұнайлы ластағыштарды ұстау үшін сызықтық майна жасады. Кейін қысқы бондық қоршаулар орнатылып, персоналдың қауіпсіз қозғалысы үшін болат төсемдер төселді және мұнай жинау жабдығы (скиммер) орналастырылды.
Нәтижесінде мұз астындағы шартты ластану оқшауланып, скиммер арқылы ЕР-7 сыйымдылығына жедел жиналды. Сонымен қатар мұз үстінде зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету іс-әрекеттері де пысықталды.
Басқармада атап өткендей, қысқы кезеңдегі мұндай оқу-жаттығулар магистральдық мұнай құбырларының өндірістік және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ төтенше жағдайларда персоналдың жоғары дайындығын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
В Атырау -10