
Атырау облысы аумағындағы республикалық маңызы бар 185 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстары тағы да басталмады. Жоба құны – 50 млрд теңге. 2025 жылы үш рет конкурс жарияланғанымен, мердігер анықталмады. Ал үшінші тендер ҚҚС мөлшерлемесінің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12%-дан 16%-ға көтерілуіне байланысты тоқтатылды. Бұл өзгеріс сметалық құжаттаманы қайта есептеуді қажет етті. Жөндеу мерзімі – 27 ай.
Әңгіме KAZ-12 «Атырау – Орал» автомобиль жолының 95–189 шақырымдық аралығы туралы болып отыр. Бұл бөлік көп уақыттан бері жаңартуды қажет етіп отыр. Алайда жоспарланған жұмыстардың орнына қайта-қайта конкурс рәсімдері, жаңа есептеулер мен құжаттаманы түзету жұмыстары ғана жүріп жатыр.
Атырау облыстық «ҚазАвтоЖол» филиалының мәліметінше, бұрынғы конкурстарға қатысқан ұйымдар құжаттарды рәсімдеу кезінде қателіктер жіберген. Соның салдарынан мердігерді анықтау мүмкін болмаған.
Салық факторы
Үшінші тендер рәсімі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Д.С. Иманашевтің хаты негізінде тоқтатылған. Бұған 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілгені себеп болған.
Компанияның түсіндіруінше, салық жүктемесінің артуы жобалық-сметалық құжаттаманы қайта қарауды және қаржыландыру көлемін түзетуді қажет етеді. Осыған байланысты конкурсты қайта жариялау 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Үшінші рет конкурс жарияланған кезінде «ҚазАвтоЖол» «ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Д.С.Иманашевтің хатына сәйкес, филиалдарға елде биыл 1 қаңтардан бастап ҚҚС бойынша өзгерістер енгізілуіне байланысты, аталған жұмыстардың құнына әсер етуі мүмкін тәуекелдер туындайды деп бұл өз кезегінде жобалық-сметалық құжаттаманы және қаржыландыру көлемін қайта қарауды қажет етеді.
Тозған жол
«Атырау – Орал» автомобиль жолы 1960-жылдары салынған, ал 2003–2005 жылдар аралығында ауқымды реконструкция жұмыстары жүргізіліп, пайдаланымға берілді. Содан бері қозғалыс көлемі артып, ал ауыр жүк көліктерінің салмағы нормадан артқан.
Осы жол үшін рұқсат етілген оське түсетін салмақ 8 тонна құрайды, ал тасымалданатын жүк көліктерінің оське түсетін салмағы 13-15 тонна құрағандықтан, салынып жатқан жол жабындысында көптеген ақаулықтар пайда болды. Жабындыда жарықтар мен ойықтар көбейген
Автомобиль жолында 2019 жылдан бастап жөндеу жүргізілмеген. 2025 жылы көктемде «Атырау – Орал» автомобиль жолының көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен 44 шақырымында мердігер «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС өтеусіз негізде жұмыстар жасалған болатын. Барлық қажетті материалдар филиал тарапынан жеткізілген.
Республикалық маңызы бар «Атырау – Орал» автомобиль жолы 487 шақырымды құрайды. Бұл жол республикалық маңызы бар, өңірлерді байланыстырып, жүк пен жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді. Алайда жобалық-сметалық құжаттар қайта есептеліп, тендер рәсімдері қайта жарияланып жатқанда, магистраль шамадан тыс жүктемемен жұмысын жалғастыруда.
Сонымен, бұл жол кемінде 2028 жылға дейін тозған күйінде пайдаланылатын болады. Оның стратегиялық маңызы зор болғанына және жоба құны 50 млрд теңге деп бағаланғанына қарамастан, жөндеу жұмыстары кейінге шегеріліп отыр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10