Атырау, 18 ақпан 19:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 489.99
€ 580.25
₽ 6.38

Сочиден Ташкенке дейін: биыл Атырау әуежайында жаңа рейстер ашылады

80 рет қаралды

2026 жылы Хиуаз Доспанова атындағы Атырау әуежайы халықаралық бағыттар санын арттыруды жоспарлап отыр. 

Бұл туралы облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев баспасөз мәслихатында баяндады, - деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазір Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы «Ашық аспан» режимінде жұмыс істейді. Бұл халықаралық және ішкі рейстер санын арттыруға, Батыс Еуропа, Таяу Шығыс және Азия бағыттарымен тікелей әуе қатынасын дамытуға жол ашады. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны құрайды. 

Оразғалиев хабарлағандай, 2025 жылы жолаушылар саны 1,4 млн адам болса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 50%-ға артып, 2,8 млн жолаушыға жетеді деп күтілуде. Қазір бірқатар шетелдік әуе компаниясы тұрақты рейстер орындауда. Атап айтқанда, Pegasus Airlines (Стамбул), Silkway Airlines (Баку), Neos (Милан), Uzbekistan Airways (Ташкент) бағыттарында рейстер жүзеге асырылып жатыр.

2024–2025 жылдары «Атырау–Баку», «Атырау–Кутаиси», «Атырау–Амстердам», «Атырау–Стамбул», «Атырау–Милан» бағыттары ашылса, биыл «Атырау–Ташкент», «Атырау–Сочи», «Атырау–Нукус» бағыттарын іске қосу жоспарланған.

Оразғалиев әуежайды жаңғырту және маршруттық желіні кеңейту өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңғырту жұмыстарын 2027 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар облыс аумағында 16 теміржол вокзалы бар. Олар Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының Атырау магистралдық желі бөлімшесінің теңгерімінде. Өткен жылдан бастап аймақтағы тоғыз вокзалға күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр және оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Басқарма басшысы биыл «Атырау–Астана» бағытындағы пойыздар Stadler Kazakhstan компаниясы шығаратын жаңа үлгідегі заманауи вагондарға кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бүгін, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.