Атырау, 17 ақпан 18:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 491.97
€ 583.77
₽ 6.39

​Атырауда 4 мыңнан астам адамның көлік салығы бойынша берешегі бар

90 рет қаралды

Атырау облысында 4 мыңнан астам адамның көлік салығы бойынша берешегі бар.

Бұл туралы облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бисен Юсубалиев брифинг барысында баяндады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның айтуынша, жеке тұлғалар көлік салығын жыл сайын тұрғылықты жері бойынша 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс. Ал мүлік салығы 1 қазанға дейін төленеді. Өткен жыл үшін есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі – 2026 жылдың 1 қазанына дейін.

Қазір көлік салығы бойынша 4 246 жеке тұлғаның 321 млн теңге берешегі бар. Оның 226 млн теңгесі – негізгі қарыз, 95 млн теңгесі – кешіктіргені үшін қосылған ақша. Ал мүлік салығы бойынша 10 415 адамның 50 млн теңге берешегі қалыптасып отыр.

Департамент мамандарының айтуынша, салық уақытында төленбеген жағдайда алдымен хабарлама жіберіледі. Егер берешек өтелмесе, салық бұйрығы шығарылып, іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Кейін мәжбүрлі түрде өндіріп алу шаралары қолданылады.

Сондай-ақ биылдан бастап күшіне енетін өзгерістер бойынша енді көлік ескі болған сайын салық азаяды. Егер жеңіл көлік 10 жылдан асқан болса, салық 30 пайызға төмендетіліп есептеледі. Ал 20 жылдан асқан көліктер үшін салық екі есе азаяды. Сонымен қатар шаруа қожалықтары бір пикап көлігі үшін енді салық төлемейді.

Бұдан бөлек, қымбат мүлкі бар азаматтарға қатысты жаңа тәртіп енгізілді. Егер бір адамның барлық үйі, ғимараты және басқа да мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, осы сомадан асқан бөлігіне 2 пайыз қосымша салық салынады. Яғни мүлік неғұрлым қымбат болса, төленетін салық та соғұрлым жоғары болады.

Бүгін, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.