
Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтардың төлем карталарын олардың келісімінсіз бұғаттауға байланысты телефон алаяқтығы жағдайлары жиілегенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қаскөйлер азаматтардың жеке деректерін ашық дереккөздерден — фишингтік сайттардан, қоғамдық сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстерден жинайды. Осы ақпаратты пайдаланып, олар қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиенттің атынан хабарласып, картаның жоғалғаны туралы жалған мәлімет береді. Соның салдарынан төлем картасы бұғатталады.
Осыдан кейін алаяқтар азаматтың өзіне хабарласып, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырады. «Картаны бұғаттан шығару» немесе «қаражатты қауіпсіз шотқа аудару» деген сылтаумен олар SMS-кодты, интернет-банкинг паролін, сондай-ақ CVV/CVC кодын алуға тырысады. Бұл деректер шотқа толық қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк картаны бұғаттау жағдайында тек картаның артқы бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген ресми нөмір арқылы банкке хабарласу қажеттігін ескертеді. Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан SMS арқылы келген кодтарды, парольдерді сұрамайды және қашықтан басқару қосымшаларын орнатуды талап етпейді.
Сонымен қатар банкомат маңында жүретін алаяқтар да кездеседі. Олар «картам бұғатталды», «лимит таусылды» деген сылтаумен үшінші тұлғаның шотына ақша аударуға көмек сұрап, сыйақы ұсынуы мүмкін. Мұндай әрекеттер заңсыз болып саналады және дропперлік схемаға қатысу ретінде бағалануы ықтимал.
Ұлттық Банк азаматтарды банк картасының деректерін ешкімге бермеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және кез келген күмәнді ақпаратты тек екінші деңгейлі банктердің ресми байланыс арналары арқылы тексеруге шақырады.
Ведомство сондай-ақ Ұлттық Банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын, инвестициялық өнімдер ұсынбайтынын және халықпен тікелей ақшалай операциялар жүргізбейтінін атап өтті.
Алаяқтық фактісіне тап болған жағдайда азаматтарға құқық қорғау органдарына ресми арызбен жүгіну ұсынылады.
В Атырау -10