
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов энергетика секторын жаңғырту шаралары туралы баяндады.
Өткен жылы электр станцияларында 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға жөндеу жүргізілді. Электр желілері бойынша 17 мың км желі мен 420 қосалқы станция жөнделді. Жылу желілерінде 323 км ауыстырылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің тарихи ең жоғары көрсеткіші – 17 273 МВт-қа қол жеткізілді, бұл өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 7%-ға жоғары. ЖЭО-лардың тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
Биыл жөндеу науқаны аясында электр станцияларында 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға жөндеу жүргізу жоспарланған. Электр желілерінде 17,1 мың км желі мен 444 қосалқы станцияны жөндеу көзделген. Жылу желілерінде 377 км ауыстыру жоспарланған. Аталған шаралар тозу деңгейін қосымша 61%-дан 59%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Отынмен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Энергонысандардың отын қоймаларында 4,7 млн тонна көмір жинақталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Барлық энергонысандарда нормативтік отын қоры қамтамасыз етілген.
Жалпы, ағымдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге деген қажеттілігі 7,46 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі күні 7,68 млн тонна немесе жылдық жоспардың 103%-ы дайындалды.
Энергетика министрлігі ағымдағы күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады.
В Атырау -10