Атырау, 16 ақпан 15:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 496.00
€ 588.01
₽ 6.42

Абай облысында бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты ашылды

60 рет қаралды

gov.kz
gov.kz

Бүгін Семей қаласында бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қатысты.

«Agrolider KAZ» ЖШС-нің базасында ашылған жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған және жылына 72 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуатына ие. Жобаның жалпы құны – 4,1 млрд. теңге. 50 жаңа жұмыс орны құрылды.

Зауыттың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру өңір экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы аграрлық саланы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіру міндетін айқындап берген болатын. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – сол тапсырмалардың өңірлік деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі. Мұндай жобалар облысымыздың инвестициялық тартымдылығын арттыруда және жаңа технологияларды, заманауи стандарттарды енгізуде үлгі болары сөзсіз. Ерекше атап өтерлігі, мұндай кәсіпорын елімізде жоқ. Ең бастысы, біз енді тек шикізат өндіруші емес, сапалы дайын өнім шығаратын өңдеуші аймақ ретінде дамуға қадам басып отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге ықпал етеді», – деді облыс әкімі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров құттықтау сөзінде жаңа зауыттың ел экономикасы үшін маңызды екенін айтты. «Агролидер» ЖШС құрылтайшысы Әсемқан Досқожанов зауыт құрылысы қысқа мерзімде салынғанын атап өтті.

«Бұл өндіріс орыны 1 жарым жылда салынды. Жан жақты қолдау білдіргені үшін облыс әкімдігіне алғыс айтамыз. Өнімдер 10 мемлекетке экспортталып, жаңа зауыт ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосатын болады деп сенеміз», - деді ол.

2023 жылы құрылған «Agrolider KAZ» кәсіпорны жарма, ұн және өзге де тамақ өнімдерін өндіруге маманданған. Мұнда жасымықтың бірнеше түрі, зығыр, асбұршақ, жүгері, қарақұмық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері өңделеді. Кәсіпорынның жылдық дайын өнім өндіру қуаты 800 тоннаны құрайды. Өнімдер Еуропа елдеріне, Қытайға, Түркияға және Африка мемлекеттеріне экспортталады.

Облыста былтыр агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында 16,3 млрд теңгеге 11 ірі агрожоба іске асырылды. Биыл қайта өңдеу саласында 7,3 млрд теңгеге «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС базасында тазартылған май өндірісін және 7,7 млрд теңгеге «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында ірі ет өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр.

Бүгін, 14:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.