
Әлеуметтік желілерде Атыраудағы тұрғын үйлердің бірінің дәлізінде ер адамның қолына ара ұстаған күйінде оғаш әрекеттер жасап жүргені туралы видео тарады.
Тұрғындардың айтуынша, олар оның әрекетін байқап, полицияға хабарлаған.
Полиция хабарлағандай, оқиға 15 ақпан күні сағат 23:40 шамасында «Береке» мөлтек ауданында орын алған. «102» нөміріне ер адамның подъезде және аулада оғаш әрекеттер жасап жүргені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жетіп, 1991 жылы туған азаматты анықтады.
Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, ол уытқұмарлық масаң күйде болған. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы (есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, іс мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Бұл бап бойынша айыппұл 40 АЕК (173 000 теңге) немесе әкімшілік қамақ 10 күнге дейін тағайындалады. Қайталау кезінде айыппұл 80 АЕК (346 000 теңге) немесе әкімшілік қамақ 20 күнге дейін өседі.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10