Атырау, 13 ақпан 15:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 494.28
€ 587.06
₽ 6.40

Киевте Жамбыл Жабаевтың ескерткіші сақталады

96 рет қаралды

Украинаның ұлттық жады институты қазақ ақыны Жамбыл Жабаевқа қойылған ескерткішті отарсыздандыру саясаты аясында алып тастауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. 

Бұл туралы «Украина – Центральная Азия» телеграмм арнасы институт басшысы Александр Алферовқа сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстандық «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрарбек Құсайынов ескерткішті алып тастау және Жамбыл атындағы көшені қайта атау туралы ұсыныс жасаған еді. Ол ақынның кеңестік кезеңдегі шығармашылығы тоталитарлық режимді қолдауға пайдаланылғанын алға тартқан.

Алайда институт Жамбыл Жабаевтың (1846–1945) шығармашылығы ресейлік империялық саясатпен байланысты емес екенін атап өтті. Ақын Октябрь төңкерісіне дейін-ақ танымал болып, халықтық дәстүрді жалғастырған. Кеңес дәуірінде оның өлеңдері идеологиялық мақсатта қолданылғанымен, украин заңнамасы бойынша ол отаршылдық саясатты жүзеге асырған тұлғалар қатарына жатпайды.

Институт Жамбылдың Украинаға арнаған өлеңдері бар екенін, оның шығармаларын Павло Тычина мен Мыкола Бажан сияқты белгілі украин ақындары аударғанын еске салды. Ақын Тарас Шевченкоға арнап «Тарас туралы ән» жазған, ал оның ұлы 1943 жылы Украина жерін азат ету кезінде қаза тапқан. Жамбыл қайтыс болар алдында Алматыдағы бейітіне украин топырағын әкелуді өтінгені де белгілі.

Институт пікірінше, Киевтегі Жамбыл Жабаев ескерткіші мен оның аты берілген көше — қазақ пен украин халықтарының мәдени байланысының белгісі. Сондықтан оларды өзгерту немесе алып тастау жоспарланбайды.

Бүгін, 14:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.