
Атырау қаласында интернет арқылы «оңай табыс» іздеген азаматқа қатысты маңызды сот шешімі қабылданды.
Бұл — алғаш рет Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1-бабы бойынша шығарылған үкім.
Қала тұрғыны А.М. мессенджерлер арқылы ұсынылған «жедел табыс» хабарламасына келісіп, өзіне тиесілі банк шотына толық қолжетімділікті бөгде адамдарға берген. Кейін бұл шот арқылы заңсыз қаржылық схема ұйымдастырылып, қылмыстық жолмен алынған қаражат аударылған. Нәтижесінде жәбірленушілерге материалдық залал келтірілді.
Атырау қаласының №2 соты А.М.-ны кінәлі деп танып, оған айыптау үкімін шығарды.
232-1-бап 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген. Ол азаматтардың банк шоттары мен төлем карталарын үшінші тұлғаларға сыйақы үшін беруге тыйым салады. Қылмыстық жауапкершілік азаматтың схеманың ауқымын түсінуіне немесе табыс көлеміне қарамастан, тек қолжетімділікті беру фактісінің өзіне байланысты туындайды.
Кез келген «банк картасын жалға беру» әрекеті азаматты қылмысқа сыбайлас қатысушы етеді және соттылыққа әкеп соғады. Атырауда мұндай фактілерді анықтау және жолын кесу жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.
В Атырау -10