
Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев VK Видео платформасындағы «Орталық арна» бағдарламасында халықаралық жарыстарға қатысу үшін спорттық азаматтығын өзгерткен спортшылар туралы осылай кесіп айтты, деп хабарлайды Спорт-Экспресс.
Оның айтуынша, мұндай әрекеттерді «сатқындық» деп бағалау керек.
«Егер ресейлік спортшы халықаралық жарыстарға қатысу үшін азаматтықтан бас тартса, онда ол үшін елге кіруге тыйым салынып, барлық атақтарынан айыру керек, өйткені мұндай әрекеттер – нағыз сатқындық», – деді министр.
Дегтярев азаматтығын өзгерткен спортшыларға қатысты шараларды қатайтуды көздейтін тиісті бұйрыққа қол қойғанын хабарлады. Атап айтқанда, ол шахматшылардың бірі гроссмейстер атағынан айырылғанын атап өтті.
«Біз оларды осында асыраймыз, тәрбиелейміз, жаттықтырушылармен, базамен қамтамасыз етеміз, ал олар паспортты лақтырып жіберіп – кетіп қалады. Барлығынан айыру керек, елге кіруге және біздің спорт нысандарымызды пайдалануға тыйым салу керек. Біз осыған міндетті түрде келеміз», – деп қосты ол.
Қазақстандық спортшылар үшін салдары
Осындай шектеу енгізілген жағдайда бұл шаралар Қазақстан үшін өнер көрсететін, бірақ Ресейде туған бірқатар танымал теннисшілерге қатысты болуы мүмкін. Олардың арасында:
- Елена Рыбакина (Мәскеуде туған),
- Александр Бублик (Гатчинада туған),
- Анна Данилина (Мәскеуде туған),
- Александр Шевченко (Түркіменстанда туған, кейін Мәскеуге көшіп келген).
Теннисшілерден басқа, Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан Ресейдің бұрынғы азаматтары өнер көрсетеді:
- мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина,
- конькимен жүгірушілер Елизавета Голубева және Кристина Силаева,
- тау шаңғышысы Александра Скороходова.
Олардың барлығы әр жылдары спорттық азаматтығын өзгертіп, халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүр.
В Атырау -10