
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге инвестиция тартудың жаңа әрі сапалы стратегиясын әзірлеу қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл стратегияда ең алдымен жоғары технологиялы заманауи өндірістерді ашуға басымдық берілуі тиіс.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің рөліне тоқталып, олардың сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашып, халық табысын арттыруға үлес қосатынын атап өтті.
Тоқаев «Бәйтерек» холдингі инвестициялық құрылым ретінде қайта жасақталғанын, ал «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың басшыларына қатаң талап қойылғанын жеткізді. «Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Басшылық құрамы артық, кейде әлеуметтік желілерде пікірталаспен уақыт өткізеді. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», – деді ол.
Президент инфляция тұрақтанғаннан кейін нарық қағидаттарын күшейту қажеттігін, даму институттарының бизнес пен қаржы секторымен серіктестікке негізделген қарым-қатынас орнатуы тиіс екенін айтты.
Қазақстанда инвесторлар үшін қызықты салалар көп екенін атап өткен Тоқаев сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына ерекше мән беру қажеттігін айтты.
«Сирек металдарға сұраныс артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға дамыған елдердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – біздің жаһандық бәсекедегі артықшылығымыз. Осы артықшылықты тиімді пайдаланып, ел игілігіне жаратуымыз керек», – деді Президент.
В Атырау -10