
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне және Ұлттық банкке мемлекеттің деректерін басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыруды тапсырды.
«Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді.
Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз.
Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады.
Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек.
Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет. Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.
Сонымен қатар тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.
Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс.
Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер көрінбейді. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды.
Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын.
Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді.
Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді.
Цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс.
Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды міндет.
Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты.
Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес.
Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, "ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет". Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс».
В Атырау -10