
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Канаданы байланыстыратын жаңа автомобиль көпірінің ашылуын тоқтататынын мәлімдеді. Ол Вашингтон «солтүстік көршісіне бергеннің бәрі үшін толық өтемақы алмайынша» көпірді пайдалануға беруге рұқсат етпейтінін айтты, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Канада хоккейшісі Горди Хоудың атымен аталған халықаралық көпір Онтарио провинциясын АҚШ-тың Мичиган штатымен байланыстырады. Трамптың айтуынша, көпір Оттава АҚШ-қа «әділдік пен құрметпен» қараған жағдайда ғана ашылады.
«Мен бұл көпірдің ашылуына жол бермеймін, АҚШ біз бергеннің бәрі үшін толық өтемақы алмайынша және, ең бастысы, Канада бізге лайықты әділдік пен құрмет көрсетпейінше», – деп жазды ол Truth Social желісінде.
Жоба сайтының дерегінше, көпірді Канада үкіметі қаржыландырады, бірақ ол Канада мен Мичиган штатының бірлескен мемлекеттік меншігі болады.
Көпірдің ашылуын Трамп қалайша тоқтата алатыны әзірге белгісіз. Ол тек «келіссөздер дереу басталады» деп жазды.
Детройт өзені үстінен өтетін көпір 2026 жылдың басында ресми сынақтардан кейін ашылады деп күтілген. Құрылыс 2018 жылы басталған, бірақ жобаға қатысты даулар екі ел арасында 10 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді.
Canadian Broadcasting Corporation бағалауынша, құрылыс құны 6,4 млрд канадалық долларды (4,7 млрд АҚШ доллары) құраған.
Truth Social желісіндегі жазбасында Трамп АҚШ «кем дегенде осы активтің жартысына иелік етуі тиіс» екенін де айтты.
Көпірді салумен Windsor-Detroit Bridge Authority ұйымы айналысады, ол толықтай Канада үкіметіне тиесілі.
Трамп Канада үкіметін «АҚШ-ты пайдаланғысы келеді» деп айыптап, көпірді негізінен америкалық материалдарсыз салғанын сынға алды.
Бұған дейін Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде АҚШ пен Канада арасындағы ескі көпірдің иелері жаңа көпір құрылысына қарсы шығып, оны тоқтатуды сұраған еді. Бірақ сол кезде Трамп пен премьер-министр Джастин Трюдо жаңа көпірдің екі ел үшін «экономикалық тұрғыдан өмірлік маңызды байланыс» екенін мәлімдеген болатын.
Трамп дүйсенбі күні екі ел арасындағы сауда дауларын еске алып, Канада АҚШ-тың сүт өнімдеріне салатын тарифтерін «жылдар бойы қабылдауға болмайтын» деп атады. Сондай-ақ ол Канаданың Қытаймен жасамақ сауда келісімін «елді толық жұтып қояды» деп сынға алды.
«Қытайдың бірінші жасайтыны – Канададағы барлық хоккей матчтарын тоқтату және Стэнли кубогын мәңгілікке жою», – деді Трамп.
В Атырау -10