Атырау, 10 ақпан 14:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 494.75
€ 586.77
₽ 6.38

​Тоқаев бизнеске қысым жасауға тыйым салды

116 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету туралы айтты.

«Жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету керек. Жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет. 

Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады. 

Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі. 

Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды

Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн.

Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын.

Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. 

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. 

Банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. 

Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 

2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. 

Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр».

Бүгін, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.