
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы экономикалық саясатты қайта жаңғырту мәселесі бойынша үкімет алдына міндет қойды.
«Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру. Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін.
Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда.
Дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі.
Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек.
Ұлт мүддесін қорғау үшін экономиканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс. Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті.
Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс.
Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет.
Аталған мақсатқа жету үшін бізге бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған экономикалық саясат қажет.
Басқаша айтқанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Оған сәйкес, мемлекет нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымызға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Ашығын айтқанда, мен бұл жайында күнде ойланамын, мамандармен кеңесемін, арнайы экономикалық сараптамаларды оқимын. Экономикалық және қаржылық саясатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау.
Мұндай моделді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табысын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту болуға тиіс.
Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар. Атап айтқанда, тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру.
Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек.
ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру.
Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс.
Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет.
Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс. Осы орайда, қазіргі таңдағы аса өзекті мәселелерге тоқталайын».
В Атырау -10