
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысындағы қорытынды сөзін елдегі конституциялық реформаны талқылаудан бастады.
«Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер.
Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ.
Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті.
Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған.
Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі.
Осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өтті. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. «Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасады.
Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын.
Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі.
Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады.
Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді.
Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы.
Соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.
Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз.
Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір. Бұл – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз.
Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті.
Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді.
Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе.
Түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.
Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын.
Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған.
Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген.
Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды.
Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз және аумақтық тұтастығымыз мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар.
Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда конституциялық құрылысқа қатысты әлемдегі үздік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалған
Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы.
Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды.
Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды.
Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас.
Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды.
Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту.
Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ.
Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады».
В Атырау -10