
Индер ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілмеген, ал мекеме ресми түрде жұмыс істеп тұрған және есеп беріп отырғаны анықталды.
Бұл Индер ауданының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында белгілі болды. Қадағалау органы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметін тексерген.
Аталған ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады.
Тексеру барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға тиісті қызмет көрсетілмегені анықталған.
Аталған ұйым 25 балаға есептелген және 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған, атипиялық аутизм, ЗПРР, Даун синдромы, ДЦП, ОНР (сөйлеудің жалпы дамымауы) диагнозы бар балаларға қызмет көрсетуге арналған. Алайда тексерілген кезеңде ол жерде балалар болмаған.
Себеп ретінде қызметкерлер қолайлы ғимараттың жоқтығын және жөндеу жұмыстарын алға тартқан. Алайда тексеріс барысында қызметті тоқтатпай жалғастыру үшін ешқандай шара қабылданбағаны анықталды, ал ғимараттағы жөндеу жұмыстары тек есептік құжаттарда ғана болған.
Ал мекеменің штаты толық жасақталған болып шықты: логопед, психолог, дефектолог, массаж мейірбикесі, ЕДШ нұсқаушысы, мейірбике, реабилитолог, педиатр, еңбек терапиясы нұсқаушысы, тәрбиеші, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман және мәдени ұйымдастырушы жұмыс істейді.
Тексеру қорытындысы бойынша Индербор кентінің әкімі Шалқар Әлмурзиев 170 000 теңге көлемінде айыппұл төледі, ал мекеме басшысы 39 320 теңгеге айыпталды. Әлеуметтік салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ажар Серікқалиеваға қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Прокуратураның мәліметінше, тексеріс нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі 19 баланың құқықтары қорғалды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10