
The Washington Post бас директоры Уилл Льюис бірнеше күн бұрын жарияланған жаппай қысқартулардан кейін отставкаға кететінін хабарлады, деп жазады Евронью́с.
Льюис қызметкерлерге жолдаған электронды хатында екі жылдық өзгерістерден соң «қызметтен кетуге қолайлы уақыт келгенін» атап өтті. Оның орнына уақытша қаржы директоры Джефф Д’Онофрио тағайындалды.
Газет редакциясы сәрсенбі күні штаттың үштен бірін қысқартатынын жариялаған болатын. The New York Times дерегінше, шамамен 800 журналистің 300-і жұмыстан босатылған. Бұл шешім спорт бөлімі мен фототілшілер штатын жабуға, сондай-ақ Вашингтон мен шетелдегі оқиғаларды қамтитын бөлімді айтарлықтай қысқартуға алып келді.
Соңғы жылдары The Post мыңдаған жазылушыларын жоғалтты. Бұған Джефф Безостың 2024 жылғы президенттік науқан кезінде Камала Харристі қолдау жоспарын тоқтатып, пікірлер бөлімін консервативті бағытқа бұруы әсер еткен. Бұрынғы бас редактор Мартин Бэрон мұны «брендтің жедел өзін-өзі күйретуінің мысалы» деп атады.
Ұлыбританиядан шыққан Льюис бұған дейін The Wall Street Journal басшылығында болған. Ол 2024 жылдың қаңтарында The Post тізгінін алғанымен, оның кезеңі тұрақсыздықпен өтті: қысқартулар, сәтсіз қайта құру жоспары және бас редактор Салли Базбидің кетуі.
Жаңа қысқартулардан кейін Безос газеттің болашағына көбірек инвестиция салу немесе оны белсенді басқаруға дайын басқа біреуге сату қажеттігін мәлімдеді. Льюис өз жазбасында Безосты мақтап, «басылым үшін ең жақсы иесі» екенін айтты.
The Washington Post журналистерінің кәсіподағы Льюистің кетуін «көптен күткен шешім» деп атады. Олар: «Оның мұрасы – ұлы америкалық журналистика институтын күйретуге талпыныс. Бірақ The Post-ты құтқаруға әлі кеш емес» деп мәлімдеді.
Безос Льюисті атамағанымен, Д’Онофрио мен оның командасы газетті «жаңа әрі табысты кезеңге» алып шығады деп сенім білдірді.
Д’Онофрио қызметкерлерге жолдаған жазбасында: «Бұл барлық медиа ұйымдары үшін қиын уақыт, The Post та ерекшелік емес. Біз бірге еңсереміз» деп жазды.
В Атырау -10