Атырау, 9 ақпан 14:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42

Онкологиямен бетпе-бет: Атырауда науқастар емсіз қалуда

126 рет қаралды
Атырау облыстық онкологиялық диспансер сайтынан алынған фото
Атырау облыстық онкология диспансерінің сайтынан алынған сурет.

Редакцияға түскен екі шағым Атырауда дәрі-дәрмектің жоқтығы мен емдеуден бас тартылған жағдайда онкологиялық науқастардың денсаулық сақтау жүйесінің қолдауынсыз аурумен жалғыз күресуге мәжбүр екенін көрсетті.

1959 жылы туған Атырау тұрғыны бірнеше ай бойы өмірлік маңызды емін ала алмай жүргендіктен «Ақ Жайық» редакциясына жүгінді. Оған сүт безі қатерлі ісігіне қарсы химиялық терапия үшін лапатиниб дәрісі қажет екен. Редакция жағдайды нақтылап, Атырау облыстық онкология ауруханасынан ресми түсініктеме алды.

26 қаңтарда аурухана директоры Эльмира Сапарова лапатиниб препараты республикалық бюджет есебінен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында сатып алынатынын, ал ол келесі аптаның басында түседі деп күтіп отырғанын айтты. Осыған байланысты редакция мәселе шешілді деп есептеп, материалды жарияламауды жөн көрген еді.

Алайда арада екі аптаға жуық уақыт өткен соң әйел қайта хабарласып, дәріні әлі алмағанын жеткізді

Жағдайы нашарлап жатқанына қарамастан, әйел химиотерапия басталады деген үмітпен ауруханаға өзі барып жүр. Бірақ әр барған сайын дәрі жоқ деген жауап алып, үйіне қайтарылады. Оның денсаулығы күннен-күнге нашарлап, ісік үлкейіп барады, ал бұрын айтылған жеткізу мерзіміне қарамастан емі тоқтап тұр. Бұл тек бір ғана мысал емес екені анықталды

Атырау облыстық онкология ауруханасының тағы бір пациенті бұған дейін химиялық терапия курсынан өткен. Бірақ жүргізілген ем оң нәтиже бермеген. Осыдан кейін дәрігерлер терапияны жалғастырудан бас тартып, әрі қарайғы емнің қажеті жоқ екенін айтқан. Химия терапияның әртүрлі схемалары бар болғанымен, емдеу тәсілін өзгерту туралы шешім қабылданбаған.

Мұндай шешіммен келіспеген науқастың отбасы Ресейдегі академик Бурденко атындағы ғылыми-зерттеу нейрохирургия институтына кеңес алу үшін жүгінген. Мамандар анализдерді қарап, басқа қорытындыға келді: емді жалғастыруға болады деп, науқастың жағдайына сай нақты химия терапия схемасын ұсынды. Алайда бұл ұсыныстарды қарағаннан кейін Атырау облыстық онкологиялық ауруханасы олармен келіспеді.

Ресейлік дәрігерлер ұсынған негізгі препарат — ломустин болды. Алайда медициналық мекеме оны тағайындауға болмайтынын, себебі Қазақстанда тіркелмегенін түсіндірді. Бұл уәж тек өңірлік емес, республикалық деңгейде де қабылданды. Соның нәтижесінде ұсынылған емдеу схемасы жүзеге аспады.

Ұсынылған комбинациядағы екінші дәрі — бевацизумаб Қазақстанда тіркелген және қолданылады. Соған қарамастан, науқас оны да ала алмады. Дәрігерлердің түсіндіруінше, бұл препараттар бірге қолданылуы тиіс, ал бірін алып тастағанда бүкіл схема жарамсыз болып қалады. Науқасқа балама емдеу жолдары ұсынылмаған.

Осыдан кейін отбасы жалғыз амал ретінде Қазақстаннан тыс жерден дәрілерді өздері сатып алуға мәжбүр болды. Бұл мемлекеттік қаржыға ем алу немесе медициналық туризм туралы емес еді. Қарапайым отбасы, қосымша мүмкіндіктері жоқ. Жақындарының айтуынша, басқа елден дәрі алу үшін олар барынша үнемдеуге тура келген.

Дәрігерлік комиссия кезінде науқас қанша өмірі қалғанын, жағдайы туралы тікелей сұрақ қойған. Жауап ретінде ол: «Қанша өміріңіз қалса, сонша өмір сүресіз» деген сөзді естіді.

Диагноз бен дәрілер өзгеше болса да, екі жағдайда да нәтиже бірдей болды: жүйе балама шешім таба алмады, жеке емдеу тактикасы жасалмады. Соның салдарынан әйелдер онкологиямен жалғыз күресуге мәжбүр қалып отыр.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 12:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.