
Танымал комик Нұрлан Сабыровқа Ресей Федерациясына 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғаны белгілі болды. Мұндай шешім миграциялық және салық заңнамасын бұзуына, сондай-ақ оның «арнайы әскери операция» туралы айтқан мәлімдемелеріне байланысты қабылданған. Бұл туралы Arasha.kz хабарлады.
34 жастағы әзілкеш бұл шектеу жөнінде Біріккен Араб Әмірліктерінен Ресейге ұшып келген кезде ғана білген. Ол Мәскеудегі «Внуково» әуежайында ұсталып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны бірден алып кеткен. Айта кетейік, өткен жылдың мамыр айында да Нұрлан Сабыров «Шереметьево» әуежайында миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін ұсталып, 5,5 мың рубль көлемінде айыппұл төлеген болатын.
Қазіргі уақытта комик аталған жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Алайда бұл ақпарат оның жанкүйерлері арасында үлкен резонанс тудырды. Белгілі болғандай, Сабыровтың Ресей аумағында жалпы құны шамамен 160 миллион рубльге бағаланатын мүлкі қалған.
Пабликтердің жазуынша, 2022 жылдың ақпан айында ол элиталық қала сыртындағы кенттен екі қабатты үй сатып алған. Сонымен қатар, «Новорижский» тұрғын үй кешенінде жер телімі бар. Онда комик жұбайы және үш баласымен бірге тұрған. Аталған жылжымайтын мүліктің жалпы құны шамамен 130 миллион рубльге бағаланады. Бұдан бөлек, Сабыровтың меншігінде 2018 жылғы «Гелендваген» (шамамен 20 миллион рубль) және 2021 жылғы Cadillac Escalade (шамамен 11 миллион рубль) автокөліктері бар. Қазір бұл мүліктің тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.
В Атырау -10