Атырау, 10 желтоқсан 17:01
 бұлттыВ Атырау -4
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Оң жағалауға жаңа газ құбыры тартылады

3 950 просмотра

Келесі аптада қаланың оң жақ бөлігін жоғары қысымды жаңа газ магистраліне қосады. Бұрын хабарлағанымыздай, осыған байланысты 9 қазан күні таңғы 8-ден 10 қазан күнгі кешкі 20-сағатқа дейін оң жақ жағалауда газ беру тоқтатылады («Оң жақ жағалауға газ беру тоқтатылады» жарияланымын қараңыз).

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасынан хабарлағандай, жаңа газ құбыры магистралінің құрылысы аяқталуға жақын.

- Алдағы аптада газ құбырын жалпы сынақтан өткізу мен ойымдар орнату басталады. Ал қарашада ол толық пайдалануға берілуі мүмкін, - деді басқармадағылар.

Облыс орталығының оң жағалауына арналған жаңа газ құбыры магистралінің құрылысы былтыр басталған болатын, мердігері – «АТГ Құрылыс» ЖШС, жұмыс құны – 1 млрд теңге шамасында. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінді. Газ құбырының ұзындығы 22 шақырым, диаметрі 319 мм (бұрын 219 мм еді). Жаңа құбырмен газ беріле бастаған соң ескі құбыр резерв ретінде қалады. Салыстырып көрсек, сол жақ бөліктегі газ магистралінің диаметрі – 500 мм.

Еске салсақ, осының алдында қаланың сол жағалауына газ беру «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистраліндегі жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылған болатын. Бұл - қаланың азиялық бөлігін газбен қамтып отырған жалғыз жүйе. «Интергаз-Орталық Азия» АҚ Атырау магистральды газ құбыры басқармасы бас инженерінің орынбасары Мұрат ЕРІМБЕТОВТІҢ айтуынша,«Мақат-Солтүстік Кавказ» газ магистралінің жағдайы туралы есеп беру қараша айының соңына сәйкес келеді.

- Бірақ жөндеу жұмыстарын біз келесі жазда жүргізетін боламыз, сол кезде, мүмкін, Атыраудың сол жақ жағалауына газ беру 10 күнге тоқтатылатын болар, - дейді Ерімбетов.

- Жөндеу жұмыстарын тұтынушыға газ беруді тоқтатпай-ақ жүргізу үшін не істеу керек?

- Біз 2003 жылдан бері әкімдікке екі жағалаудағы газ құбырларын  бір-біріне жалғау туралы хат жазып келеміз. Ол үшін Жайықтың астынан сол және оң жақ газ құбырларын бір-біріне қосатын арнайы жалғастырғыш орнату керек. Сол кезде ғана біздің сол жақ жағалауды көгілдір отыннан ажыратпай, магистральді газ құбырындағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігіміз болады.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасынан хабарлағандай, газ құбырларын жалғау жобасын «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы жетілдіру үстінде:

- Бұл жұмыстар магистральді газ құбырларын жөндеу кезінде халықты газбен үздіксіз қамту үшін жасалып жатыр.

«ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалындағылар жобалау-сметалық құжаттар сараптамада екенін, ал газ құбырларын бір-біріне жалғайтын жалғастырғыштың құрылысы биылғы жылы кәсіпорынның өз қаржысына салына бастайтынын хабарлады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

7 қазан 2013, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.