Атырау, 5 ақпан 12:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 498.65
€ 589.06
₽ 6.49

Зейнетақы жинағы: қазақстандықтар баспанаға 4,5 триллион теңге жұмсады

123 рет қаралды

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу қазақстандықтардың қаржылай салмағын айтарлықтай өзгертті. Қанша өтініш мақұлданды, ақша көбіне қайда жұмсалды және бұл мүмкіндікті кім көп пайдаланғаны туралы Tengrinews.kz хабарлады

БЖЗҚ-дан қанша қаражат шешіп алынды?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша 4, 27 миллион өтінішті орындаған. Төлемдердің жалпы сомасы 5,55 триллион теңгені құралы. 

Ең қажеті - баспана 

Қаражаттың негізгі бөлігі тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған. Бес жылда БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты 3,19 миллион өтінішті орындап, жалпы 4,56 триллион теңге төледі.

Оның ішінде:

  • ең төменгі жеткіліктілік шегінен асуы бойынша - 2,91 млн өтініш, 4,03 триллион теңге;
  • табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болатын зейнеткерлерден - 152 мың өтініш, 274,44 миллиард теңге;
  • зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша - 84,3 мың өтініш, 167,5 миллиард теңге;
  • еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлерден - 41 мың өтініш, 87,3 миллиард теңге.

Емделуге шамамен бір триллион жұмсалды

Осы кезең ішінде қазақстандықтардан емделуге берген 1,09 млн өтініш орындалып, төлем сомасы 984,9 миллиард теңгені құрады. 

Оның ішінде:

  • ең төменгі жеткіліктілік шегінен асуы бойынша - 867,9 мың өтініш, 699,3 миллиард теңге;
  • табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болатын зейнеткерлерден - 111,3 мың өтініш, 152,1 миллиард теңге;
  • зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша - 79,1 мың өтініш, 78,4 миллиард теңге;
  • еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлерден - 31,5 мың өтініш, 55,2 миллиард теңге.

Ақшаны шешіп алған кімдер?

БЗЖҚ еске салғандай, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен емделуге жұмсау құқығы мына санаттарға беріледі: жинағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар; табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан төмен емес зейнеткерлер; еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлер; сондай-ақ, зейнетақы аннуитеті шартын жасаған адамдар.

Статистика талдауы бұл құқықты көбіне ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары жинағы бар салымшылар пайдаланғанын көрсетеді.

Ең сұраныста болған мақсаттар:

  • азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы тұрғын үйді жеке меншікке сатып алу - 2,17 триллион теңге;
  • тұрғын үй құрылыс жинақ салымдарын толықтыру - 592,9 миллиард теңге;
  • стоматологиялық қызметтер - 654,3 миллиард теңге.

Орташа шешіп алу сомалары

Қор дерегінше, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланылған орташа сома 1,4 миллион теңге болған.

Оның ішінде:

  • жеткіліктілік шегі бойынша - 1,4 миллион теңге;
  • табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болатын зейнеткерлерде - 1,8 миллион теңге;
  • зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша - 2 миллион теңге;
  • еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлерде - 2,1 миллион теңге.

Қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау қалай жүзеге асырылды

Қор ортада делдал болғандар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру деректері туралы ақпарат өздерінде жоқ екенін айтты. 

БЖЗҚ уәкілетті операторлардан келіп түсетін электрон өтінімдерді орындайды, зейнетақы шотында қаражаттың бар-жоғын тексереді және өтініш берушілердің арнайы шоттарына ақша аударады. Ал қаражаттың мақсатты пайдаланылуын, оның ішінде ақшаны тиісті бағытқа аударуды бақылауды уәкілетті операторлар жүзеге асырады.

Стоматологиялық қызмет ақысын төлеу түрінде зейнетақы қаражатын заңсыз шығару деректері көп болғандықтан, бұл мақсатқа жинақты пайдалануға толық тыйым салынды.

2026 жылы ереже өзгере ме?

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын өзгерту немесе кеңейту бастамасы Қазақстан Үкіметінің құзыретіне кіретінін атап өтті.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі тұрғын үй және емделу бойынша салалық министрліктердің бұйрықтарымен реттеледі. БЖЗҚ-дың қызметіне жарналарды жинау, зейнетақы жинақтарын есепке алу, кеңес беру және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кіреді.

Сарапшы пікірі

Экономист Досым Бесбай кейінгі жылдары қазақстандықтар зейнетақы активтерінің 20 пайыздан астамын мерзімінен бұрын алғанын, бұл жинақтаушы жүйе үшін елеулі көрсеткіш екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қаражаттың негізгі бөлігін тұрғын үйге бағыттауды негізді шешім деп санауға болады: ақша ағымдағы тұтынуға емес, ұзақ мерзімді перспективада адамның әл-ауқатына қызмет ететін активке салынды.

Cондай-ақ, зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге белсенді пайдалану жылжымайтын мүлік нарығын және құрылыс секторын қолдап, кейінгі жылдары елдегі экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналған саланы күшейтті.

Бүгін, 09:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.