
Энергетика министрлігі мен «Газпром» газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған Бірлескен үйлестіру кеңесінің екінші отырысын өткізді.
Отырысқа ҚР энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Газпром» басқарма төрағасының орынбасары Виталий Маркелов, сондай-ақ QazaqGaz және «Газпром» компанияларының басшылығы қатысты.
Кеңесте газ тасымалдау жүйесін дамыту, жерасты қоймаларын пайдалану, технологиялық жаңғырту және ғылыми-техникалық жобалар талқыланды.
Бұл ынтымақтастық бұған дейінгі келісімдер негізінде жалғасуда. Өткен жылы Санкт-Петербург халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» «Сарыарқа» магистралын Астанадан Петропавлға дейін кеңейту арқылы Көкшетау мен Петропавлды газдандыру жөнінде меморандумға қол қойған болатын.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, үйлестіру кеңесін құру – Қазақстан мен Ресейдің газ саласындағы серіктестігін тереңдетуге бағытталған маңызды қадам. Кеңес тұрақты алаң ретінде әрекеттерді үйлестіруге, диалогты нығайтуға және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Жиын қорытындысында тараптар 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс топтарының іс-шаралар жоспарына қол қойды.
В Атырау -10