
Атырау облысында өңірдегі ең ірі энергетикалық жобалардың бірі – газ турбиналы электр станциясының құрылысы қолға алынды. Жоба қытайлық инвестициялардың қатысуымен жүзеге асырылуда.
Жоба екі жақты әріптестік туралы меморандум аясындағы ауқымды инвестициялық ынтымақтастықтың бір бөлігі саналады. Құрылыс бастамашысы – Hualin Energy LTD компаниясы. Құрылыс үш кезең бойынша іске асырылмақ. Алғашқы кезеңде қуаты 250 МВт болатын нысан пайдалануға беріледі, оны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал газ турбиналы электр станциясын толық іске қосу 2029 жылға көзделіп отыр.
Жоба Атырау облысының экономикасын дамытуға елеулі серпін бермек. Мамандардың мәліметінше, құрылыс кезеңінде 1 000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.
– Қол қойылған меморандум аясында Hualin Energy басым инвестициялық жобалардың қатарына кіреді. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды: топографиялық түсірілімдер жүргізіліп, инженерлік-іздестіру жұмыстары орындалды. Жер телімін облыс әкімдігі ұсынды, жалпы алғанда жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Құрылыстың негізгі кезеңін наурыз айында бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Hualin Energy LTD компаниясының коммерциялық директоры Мағжан Бекмұса.
Жобаның экологиялық маңызы да зор. Компания өкілінің айтуынша, бұған дейін кәдеге аспаған факел газын бүгінде заманауи технологиялардың көмегімен электр энергиясына айналдыруға мүмкіндік бар.
– Жаңа техникалық шешімдердің арқасында өндірілетін электр энергиясының өзіндік құны қолданыстағы тарифтерден төмен болады. Бұл энергия өңірдің қажеттілігін қамтамасыз етуге және жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға пайдаланылмақ. Электр энергиясына сұраныс артып келеді, ал қазіргі қуат көздері жеткіліксіз, – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында жасалған келісімдер аясында жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асатын сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
В Атырау -10