Атырау, 30 қаңтар 21:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 503.17
€ 600.89
₽ 6.63

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі жаңарды: не өзгерді?

101 рет қаралды

Атырауда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі жыл басынан бері 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Жаңартылған тізімге бұрын мемлекеттік бағалық реттеуге кірмеген сүйексіз сиыр еті, қой еті және жылқы еті енгізілді.

Атырау облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Самат Емберген бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пен ет бағасының қымбаттауына байланысты қойған сұрағымызға жауап берді. Оның айтуынша, биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі бекітілген. 

– Былтыр тізімге наннан бастап тұзға дейінгі тауарлар енген. Ал жаңа жылдан бастап 31 тауар тізіміне сиыр еті, қой еті, жылқы етінің сүйексіз бөліктері, яғни еттің барлық бөліктері – жамбас, мойын, сүйексіз еттер енгізілді. Бұған дейін сүйексіз еттер (мякоть), жауырын тұсы әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енбеген, – дейді Самат Емберген.

Оның айтуынша, қаңтардан бүгінге дейін әкімдікпен бірлесіп, тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Ембергеннің сөзінше, облыс бойынша негізінен баға тұрақты. «Дина» базары көтерме сауда орны болып саналады. Қала тұрғындарының басым бөлігі ет өнімін осы базардан алады. Қазіргі таңда Дина базарында сиыр еті 3300 теңгеден басталып, сүйексіз еттері 4000 теңгеге дейін барады. Қой еті 3000–3300 теңге аралығында, ал жылқы еті 3500 теңгеден сатылып жатыр.

– Мониторинг барысында «Халил ұста» дүкенінде ет бағасының 5500 теңгеге дейін жеткені анықталды. Бұл дерек расталып, тексеру жүргізілді. Өнімді кім әкелгені жөнінде мәлімет алынды. Мемлекеттік кірістер органдарынан электронды шот-фактуралар сұратылады. Екі ай көлемінде сатып алу мен сату арасындағы үстемеақы есептеледі. Егер 15 пайыздан жоғары үстеме қойылғаны анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес шара қолданылады, – дейді ол.

Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына сәйкес айыппұл қарастырылған. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 АЕК, орта бизнеске – 35 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Ембергеннің сөзінше, биыл негізінен түсіндіру жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Былтыр тексеру барысында 15 пайыздан артық үстеме қосқан 36 субъектіге жалпы сомасы 1 млн 152 мың 077 теңге айыппұл салынып, мемлекеттік бюджетке өндірілген.

Атап айтқанда, тексеру қорытындысына сәйкес, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабы бойынша 16 кәсіпкерге әкімшілік жауапкершілік қолданылған. Айыппұл сомасы – 857 176 теңге. Ал Кодекстің 204-бабы бойынша 19 кәсіпкердің 12-сіне айыппұл салынған (айыппұл сомасы – 294 901 теңге), 7 бизнес субъектісі ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бір бизнес субъектісінен құқықбұзушылық анықталмаған.

Ұн, нан, ет, жұмыртқа, күріш, қарақұмық, картоп, қант, сәбіз өнімдері бойынша бағаны негізсіз көтеру деректері тіркелген.

– Бағаны тұрақтандыру қоры арқылы шарт негізінде қаладағы бірнеше маркетте тұрақтандыру қорының өнімдері сатылуда. Шаруалармен келісімшарт жасалып, өнім белгіленген бағамен ұсынылып отыр. Мәселен, картоп 180 теңгеден сатылуда. Ет өнімдеріне қатысты «Нұрсая» ықшамауданында ет павильоны ашылды. Онда сиыр еті 2800 теңгеден басталады, – дейді департамент басшысы.

– Оны қай дүкендерден көруге болады? – деген сұраққа ол былай деп жауап берді:

– «Лидер» және «Пайда» маркеттері жабылуына байланысты «Марко» сауда желісі «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшартқа отырды. Қазіргі таңда «Марко» желісінің үш сауда нүктесі Байзар, Насиха және Инфинити сауда орындарында бар (айта кетейік, «Насиха» сауда орталығындағы «Марко» дүкеніне ет жеткізілмейді деген ақпаратты біз сатушыдан нақтыладық – А.С.). Сонымен қатар Азаттық 57, Нұрсая 52 мекенжайларында, «Дина», «Сарайшық» базарларында, «Светлана» аялдамасына жақын «Центральный» ықшамауданындағы №4 киоскте және Нұрсаядағы 9-үйде орналасқан.

Оның айтуынша, тауар өндірушілер «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өздері келеді немесе корпорация тарапынан шақырылады. Келісімшарт жасалғаннан кейін олар маусым немесе мамыр айының соңына дейін өнім бағасын өсірмей, бір деңгейде ұстап тұруы тиіс. Ол үшін шаруашылықты жүргізу және өнімді белгіленген бағамен сату мақсатында 0,1 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады.

Сонымен қатар тауар өндірушілер сауда орны қажет болған жағдайда қалада немесе аудандарда орын бөлуге қолдау көрсетіледі. Алайда тауар өндірушінің, яғни шаруагердің жеке қоймасы болуы шарт. Бұл импорт пен көрші облыстардан келетін тауарларға тәуелділікті азайтып, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жүзеге асырылады.

Ембергеннің сөзінше, егер белгілі бір сауда нүктесінде ет бағасы қымбат деген арыз түссе, ол прокуратурада тіркеліп, 15 пайыздық үстемеақы мөлшері анықталады. Одан артық қосылған жағдайда айыппұл салынады. Сонымен қатар департамент мониторинг жүргізіп, бағаның не себепті өсіп отырғанын анықтайды. Логистика, тасымал немесе басқа да факторлар зерделеніп, орталыққа жолданады.

Былтыр тоқсан сайын шекті баға бекітіліп отырған. Бұл маусымдық жағдайға байланысты енгізілген болатын. Қор азайған кезеңде бағаның күрт өспеуі үшін әр тоқсанға шекті баға белгіленген. Бұл Үкімет бекіткен бағдарлама болған. Биылдан бастап шекті баға алынып тасталды. Дегенмен алдымен көтерме саудагерлермен жұмыс жүргізіліп, тауардың қандай бағамен алынғаны бақылауға алынады. Бағаны негізсіз көтермеуі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шот-фактуралар тексеріледі.

Оның айтуынша, өңірде тауар өндірушілер саны аз болғандықтан, оларға бағаны белгілі бір шекті деңгейде ұстау жөнінде талап қою мүмкін емес.

Мал негізінен Орал, Ақтөбе көрші облыстарынан келеді. Атыраудағы «Асыл Агро» КХ биыл күніне 20-ға жуық бас мал сойылатынын хабарлады. Ал былтыр 40 бас мал сойылған. Биыл екі есе аз. Шаруагерлер малды сою алаңына әкеліп, тікелей сатады. Сол жерде сойылып, бөлшектенеді, шамамен 40 пайызы қалдық болып қалады. Базарда көтерме саудамен алған кәсіпкер осы шығынды, орын ақысын және өз үстемесін есепке алады. Сондықтан малды арзан бағада сату мүмкін болмай отыр. Ет өнімінің тек 60 пайызы ғана таза өнім ретінде қалады. Шаруагерлердің өздері сауда орнына шығып, малды сойып әкеліп сатуға ниет білдіретіндері аз. Олар көбіне өнімді көтерме сауда арқылы өткізеді, – дейді Самат Емберген.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі алдағы уақытта қайта өзгеруі мүмкін. Қазіргі 31 атаудан тұратын тізім қысқарып, бұрынғыдай 19 тауарға қайта оралуы ықтимал. 

Айнур САПАРОВА

Атырау қаласында әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмен бағамен сатылатын орындар

  1. «Дина» базары — Қаныш Сәтпаев даңғылы, 45/2 (Бейбарыс)
  2. «Сарайшық» базары — Кенжебай Маденов көшесі, 1А
  3. «Светлана» аялдамасы — Орталық ықшамаудан, киоск №4
  4. Нұрсая ықшамауданы, үй 9
  5. Қаныш Сәтпаев даңғылы, 25
  6. Сарыарқа ықшамауданы, 37
  7. Балықшы ықшамауданы, Қожақаев көшесі, 24
  8. Marco Гранд — Привокзальный ықшамауданы, Берғалиев көшесі, 13А, супермаркет «Marco»
  9. Marco Мастердом — Привокзальный ықшамауданы, 3А, супермаркет «Marco»
  10. Marco Алмагүл — Алмагүл ықшамауданы, үй 1, супермаркет «Marco»
  11. Marco Модерн — Нурсая ықшамауданы, Жұмағалиев көшесі, 15, «Модерн Сити» ТК, супермаркет «Marco»
  12. Marco Сауран — Әуезов даңғылы, 58, супермаркет «Marco»
  13. Marco Виктори — Ақ-Шағала ықшамауданы, Victory Park ТК, супермаркет «Marco»
  14. «Азаттық» дүкені — Азаттық көшесі, 57
  15. «Нұрсая» дүкені — Нұрсая ықшамауданы, 52
  16. Marco Базар — Құлманов көшесі, 111А
  17. Marco Насиха — Махамбет Өтемісұлы көшесі, 116Д
  18. Marco Инфинити — Қаныш Сәтпаев даңғылы, 43А


Бүгін, 20:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.