
Атырауда құжаттарды рәсімдеу кезінде кеткен қателік салдарынан сотталған азамат шартты түрде мерзімінен бұрын қате босатылған. Оқиғаға байланысты мекеме қызметкерлеріне тәртіптік шара қолданылды, деп хабарлайды Halyqstan.
Атырау облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың тамызында сотталғандардың бірі қате босатылып, мекеме аумағынан шығып кеткен. Кейін анықталғандай, құжаттарды рәсімдеу барысында шатасу болып, бостандыққа шығуы тиіс адам түрмеде қалып, басқа азамат қате босатылған.
Қателік белгілі болғаннан кейін ер адам қайта ұсталып, мекемеге қайтарылды. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанымен, тергеу нәтижесінде қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылды.
Сонымен бірге ішкі тәртіптік шаралар қабылданды. Құжаттағы қателікке жол берген қызметкерлер қатаң жауапкершілікке тартылып, кейбірі қызметінен босатылды.
Ведомство сотталған азаматтың жеке басына, оның бостандықта болған мерзіміне және қандай бап бойынша жазасын өтеп жатқанына қатысты мәліметтерді жарияламады.
В Атырау -10