
Күшті аяз бен қалың мұздың салдарынан суға оттегі жеткіліксіз түсіп, балықтардың қырылу қаупі туындады. Осыған байланысты өңірде бірқатар аудан аумағын қамтыған аэрациялық жұмыстар қолға алынды.
Балық шаруашылығы, мониторинг және цифрландыру бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашевтың айтуынша, тұрақты мұз қабаты кезінде, әсіресе Жайық өзенінен бөлінген су айдындарында оттегі деңгейі күрт төмендейді. Бұл жағдай балықтардың жаппай қырылу қаупін тудырады. Атырау облысында аэрациялық шаралар жылдың басынан бастап жүргізіліп келеді.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстембек Қорқытовтың мәліметінше, Атырау облысының бірнеше ауданында аэрация жұмыстары басталған.
Махамбет ауданында бұл шаралар «Ұлышығанақ», «Гагушкин» (Алға ауылы), Есбол ауылындағы 12-ші, 13-ші және 8-ші ауылдардағы су айдындарында, сондай-ақ Ақжайық ауылындағы Ақтөбе көлінде жүргізілді. Мұнда 2×3 метр көлемінде сегіз ойық жасалды. Бейбарыс ауылында қосымша он ойық жасалды.
Су алмасуды жақсарту үшін мотопомпа арқылы 100 м³ су айдалды. Жұмысқа барлығы 55 адам және 10 техника тартылды.
Индер ауданында бірнеше су айдынында аэрациялық шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Көктоғай ауылындағы «Разбойное», Өрлік ауылындағы «Серковное» және «Павловское», сондай-ақ Елтай ауылындағы «Үлкен Елтай» мен «Кіші Елтай» су айдындарында жұмыстар атқарылды. Мұнда көлемі 2×3 метр болатын он ойық және 130 үкі жасалды. Су алмасуды қамтамасыз ету үшін мотопомпа арқылы 2 600 м³ су айдалды. Жалпы шараға 62 адам және 16 техника жұмылдырылды.
Атырау қаласында «Безымянный» су айдынында аэрация жұмыстары ұйымдастырылды. Мұнда көлемі 2×3 метр болатын екі ойық және 20 үкі жасалды. Жұмысқа жеті адам және екі техника тартылды.
Жалпы облыс бойынша бүгінгі күнге дейін 2 700 м³ су айдалып, 20 ойық пен 160 үкі жасалды. Барлығы 124 адам және 28 техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар қысқы балық аулаушылар да өз үлесін қосып, балық аулау кезінде өздігінен үкі бұрғылап, суды оттегімен байытуға көмектесуде.
- Су айдындарындағы аэрациялық шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді. Мамандар күн сайын су айдындарының жағдайын бақылап отыр, — деп хабарлады Рүстембек Қорқытов.
Инспекция өңір тұрғындарынан балықтардың қырылу қаупі байқалған жағдайда дереу балық қорғау органдарына және жергілікті атқарушы органдарға хабарлауды сұрайды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10