Атырау, 22 қаңтар 19:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -8
$ 506.70
€ 593.14
₽ 6.53

Теңіздегі форс-мажор: өрт тоқтауға себеп емес

116 рет қаралды

Газтурбиналық станциядағы трансформаторлардың бірінен шыққан өрт пен Теңіз кенішінде форс-мажордың жариялануы — бұл екеуі бір-бірімен тікелей байланысты оқиға емес. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов өзінің телеграм-арнасында жазғандай, өнеркәсіптік логика тұрғысынан алғанда мұндай жағдайды тікелей байланыстыруға негіз жоқ.

Себебі кен орнын игеруші Теңізшевройл компаниясында бұрыннан көп деңгейлі резервтік жүйе: қосымша қуат көздері, апаттық сценарийлер, қосалқы станциялар бар. Ірі халықаралық жобаларда Safety first қағидасы жай ұран емес, нақты стандарт.

Сондықтан бір трансформатордағы өрт бүкіл өндірісті аптаға жуық тоқтатса, онда 48,5 млрд долларлық кеңейту жобасының мәні неде деген заңды сұрақ туындайды. Тек техникалық ақаумен түсіндіру толық емес нұсқа болып көрінеді.

Ірі мұнай компанияларын бюджет пен салық режимдері үшін сынау орынды. Бірақ өндірістік қауіпсіздік пен резервтік жүйелер тұрғысынан мұндай компаниялар, әдетте, мінсіз жұмыс істейді. Сол себепті барлық өндірістің тек техникалық ақауға байланысты тоқтауы толыққанды көрінбейді.

Көптеген сарапшылар форс-мажорды өртпен емес, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) төңірегіндегі жағдаймен байланыстырады: тасымалдаудағы шектеулер, қауіпсіздік тәуекелдері мен логистикалық іркілістер негізгі фактор болуы мүмкін.

Экономикалық салдары айқын: өндіріс көлемі азаяды, экспорт қысқарады, салық түсімдері төмендейді, елге келетін валюта ағымы азаяды.

Қазіргі кезде теңге «тыныш» қалыпта, болып жатқан жағдайға реакция білдірмей отыр. Бірақ ұзақ мерзімде мұндай сигналдарға нарық бей-жай қарамайды.

Операторлардың әрекеттерінде де белгілі бір теңсіздік байқалады. КҚК-дағы шектеулерге қарамастан NCOC өндірісті арттырып жатыр, ал экономикалық тұрғыдан керісінше болуы тиіс еді.

Бір баррель мұнай бағасы $80 болғанда Теңіз бюджетке $30–35 салық әкелсе, Қашағаннан бар болғаны $3,5 түседі. Экспорттық инфрақұрылым дағдарысы кезінде Теңіз негізгі донор болып қала береді.

Форс-мажор елдегі ең ірі салық төлеушінің жұмысына әсер етіп қана қоймайды, ол мердігерлерге төлемдердің тоқтауына, жалақының кешігуіне, қосалқы ұйымдарға қысымға және аймақ экономикасына кері ықпал етуі мүмкін.

Ресми тілмен айтсақ: трансформатордағы өрт – «штаттық оқиға», өндірістің тоқтауы да – «штаттық жағдай».

Бірақ мұндай «штаттылықтың» экономикалық салдары мүлде штаттық емес.

Бүгін, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.