Атырау, 21 қаңтар 13:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 507.05
€ 594.82
₽ 6.51

Зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдалану: 2026 жылдан бастап ереже өзгерді

100 рет қаралды

Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті түзетулер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 13 қаңтардағы бұйрығымен бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жаңартылған қағидаларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы шот ашылғаннан кейін азамат тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін электрондық өтініш береді. Өтініште арнайы шоттың нөмірі, қаражатты пайдалану мақсаты және қолжетімді сома көрсетіледі. Құжат өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.

Бұған дейін өтініште жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдері де көрсетілетін болатын. Енді бұл талап алынып тасталды.

Қағидаларға сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан аумағында мынадай мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі:

  • тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық қарыздың негізгі қарызын ішінара немесе толық өтеу (жөндеу жұмыстарын жүргізуді қоса алғанда);
  • жеке тұрғын үй салу, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық мақсатындағы жер телімін сатып алу.

Аталған қарыздар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы алынуы тиіс.

Сонымен қатар, біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайына және (немесе) жақын туыстарына беруге рұқсат етіледі. Алайда бұл құқықтарды үшінші тұлғаларға қайта беруіне тыйым салынады.

Түзетулер тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы төлемдерді пайдалану тәртібіне де өзгеріс енгізді. Белгіленген мерзімде растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, біржолғы зейнетақы төлемдерінің қаражаты өтініш берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотына қайтарылады.

Бұдан бөлек, жаңа нормаға сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемі қате түрде БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, уәкілетті оператор өтініш берушінің келісімін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жолдайды. Ал БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде қаражатты уәкілетті операторға қайта аударады.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жекелеген нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген.

Бүгін, 10:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.