
Ішкі нарықты қорғау, сертификаттауды күшейту және мемлекеттік бақылауды арттыруға бағытталған шаралар кешені табиғи тастан жасалған бұйымдар өндірісінің көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда гранит бордюр мен төсеуге арналған плиталардың өндірісі 30%-ға артты.
Өсімнің негізгі факторы отандық өндірушілерді қолдауға және талаптарға сай келмейтін өнім айналымының жолын кесуге бағытталған реттеушілік және қорғаныш шараларының кешенді пакетін енгізу болды. Атап айтқанда, 2025 жылы үшінші елдерден тас өнімдерінің жекелеген түрлерін әкелуге үш айлық уақытша тыйым салынып, бұл сұранысты қазақстандық кәсіпорындардың өнімі пайдасына қайта бөлуге ықпал етті.
Саланың дамуына жүйелі негіз 2020 жылы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бекіткен ҚР СТ 3619 «Табиғи тастан жасалған бұйымдар. Жалпы техникалық шарттар» ұлттық стандартын қабылдау арқылы қаланды. Құжат табиғи тастан жасалған бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігіне бірыңғай талаптар белгілеп, саладағы техникалық реттеудің базалық құралына айналды.
Бақылауды қосымша күшейту 2023 жылғы 9 маусымдағы № 435 бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті қабылданғаннан кейін қамтамасыз етілді. Аталған регламент табиғи тастан жасалған бұйымдарды ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігін міндетті сертификаттаудан өткізу мен сынақ жүргізуді көздейді.
2025 жылы ішкі нарықты қорғау шаралары табиғи тастан жасалған брусчатканы, бордюр тастарын және төсеме плиталарын, сондай-ақ өңделген граниттің жекелеген түрлерін әкелуге тыйым салу есебінен кеңейтілді (ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 2 қыркүйектегі № 342 бұйрығы). Шектеу барлық көлік түрлері арқылы жеткізілімдерге қолданылып, уақытша сипатта болды.
Сонымен қатар өнімді бақылау мақсатында «бақылау сатып алуы» рәсімі енгізіліп, талапқа сай келмейтін бұйымдардың айналымға шығарылуына жол бермеуге бағытталған жедел әрекет ету шаралары іске асырылды. Сәйкестікті бағалау қағидаларына да елеулі өзгерістер енгізілді: өнімді техникалық реттеу саласына жатқызу тәртібі жүйеленді, «бас тарту хаттарының» орнына электрондық сәйкестендіру актілерінің тізілімі енгізілді, сондай-ақ табиғи тастан жасалған бұйымдарға сәйкестік сертификаттарында көрсетілуге тиіс міндетті мәліметтердің тізбесі кеңейтілді.
Атап айтқанда, Қазақстанның тас өңдеу өнеркәсібі – серпінді дамып келе жатқан және экспортқа бағдарланған, айтарлықтай шикізаттық әлеуеті бар сала. Тәуелсіздік жылдарында елде гранит, мәрмәр, травертин және басқа да тас түрлерінен бұйым шығаратын, жаңа жабдықтармен жарақтандырылған заманауи отандық кәсіпорындар құрылды. Қазақстандық кен орындарындағы өндірістерді дамыту мен жаңғыртуға елеулі инвестициялар бағытталды.
ҚР СЖжРА ҰСБ деректері бойынша табиғи тастан (сланцтан басқа) жасалған брусчатка, бордюр тастары және төсеме плиталарының отандық өндірісі ішкі нарық қажеттілігінің 91%-ын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдау шеңберінде, оның ішінде қарыз қаражатын тарту арқылы кристалдық мәрмәр өндіретін зауыт салынуда.
Қазақстанда өндірілетін өнім, оның ішінде қаптау материалдары, ішкі нарықтың және импорттаушы елдердің талаптарына толық сәйкес келеді. Ол бірқатар ірі инфрақұрылымдық және имидждік жобаларда қолданылып, шетелде тұрақты сұранысқа ие. Қазақстандық табиғи тас бұйымдарының экспорты өңір елдеріне жүзеге асырылады.
Ведомстволардың мәлімдеуінше, отандық өндірісті одан әрі дамыту Қазақстанның тас өңдеу индустриясына қосымша серпін беріп, Түркия, Қытай және Иран сияқты елдердің тәжірибесі бойынша өсімге жағдай қалыптастыра алады.
В Атырау -14