
Құрманғазы ауданында мал жаюға шығып, үйіне оралмаған ер адамды Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмыстары барысында тауып алды.
Түнде облыстық 112 пультіне Құрманғазы ауылынан ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Ол күндіз мал жаюға шығып кеткенімен, кешке дейін үйіне қайтып оралмаған.
Хабар түскен бойда ТЖМ қызметкерлері мен жергілікті полиция бөлімшесі үйлестірілген іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды.
Құтқарушылар ер адамды ауылдан шамамен 70 шақырым қашықтықта тапты. Ол қар құрсауында қалып қойған автокөліктің ішінде отырған. Қалың қардың салдарынан өздігінен қозғала алмай, ауылға қайта орала алмаған.
Ер адамға медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар көлікті қардан шығарып, оны қауіпсіз жерге дейін жеткізді.
Бұл оқиға төтенше жағдай қызметінің жедел әрекет етуінің арқасында адам өмірін сақтап қалудың нақты мысалына айналды. Құтқарушылардың үйлесімді жұмысы жоғалған азаматтың аман-есен табылуына мүмкіндік берді.
Мамандар қыс мезгілінде алыс жолға шыққанда көлікті толық тексеріп, жанармайды жеткілікті мөлшерде толтыруды; байланыс құралдарын өзімен бірге алуды; ауа райы болжамын ескеруді; жақындарына қайда баратынын алдын ала хабарлауды ұсынады.
В Атырау -14