
13 қаңтарда Атырау қаласының Геолог ықшамауданында орналасқан Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте егеуқұйрық шықты. Зиянкестерді мұғалімдер байқап қалған. Мектептің ішінде өткір жағымсыз иіс пайда болып, дабыл қағылды.
Облыстық білім басқармасы оқу жылының басынан бастап мектепте жоспарлы дезинфекциялық жұмыстар төрт рет жүргізілгенін, алайда бұл кеміргіштердің көзін жоя алмағанын хабарлады. Оқу орнында екі ауысымда 1 850-ге жуық оқушы білім алады.
13 қаңтардан бастап мектеп үш күнге жабылды. Сол күндері ғимаратта жоспардан тыс дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді.
- Дезинфекциядан кейін бүгінгі күні ешқандай иіс те, егеуқұйрық та тіркелген жоқ. Оқушылар оқуды штаттық режимде жалғастырып жатыр, — деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы кеміргіштер Махамбет ауданы Талдыкөл ауылының мектебі мен балабақшасында да байқалған болатын. Қабылданған шаралардан кейін жағдай қалыпқа келді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -8