
Он түрлі шайдың сатылуына тыйым салынды. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес бұл өнімдер дүкен сөрелерінен алынып жатыр.
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының қатысуымен түсіндіру жиыны өтті. Сауда желілерінің өкілдеріне Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысымен енгізілген уақытша санитарлық шаралардың талаптары еске салынды.
Құжат санитарлық нормаларға және Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін шайды әкелуге және сатуға тыйым салады. Бұл шешім бақылау үшін сатып алулар мен зертханалық сараптамалардың нәтижелеріне негізделді. Тексеру барысында кейбір қара шай түрлерінен Қазақстанда қолдануға тыйым салынған тағамдық бояғыштар анықталған.
Шектеулерге іліккен он өнімнің атауы: «Апамның шәйі Premium Gold», «Al-Hayat Gold», «Балқия Premium Gold», «Pakistan Tea», «Alfarah», «Aje Onim», «Орда Кения», «Аль-Кайрат шәйі Premium Gold», «Al-Jannat Premium», «Sultan Suleyman».
Барлық супермаркеттер алдын ала хабардар етіліп, олардың мекенжайына ресми хаттар жолданды. Кездесу барысында кәсіпкерлерге тағы да әрекет ету тәртібі түсіндірілді: тыйым салынған өнімді сатылымнан алып, жеткізушілерге қайтару қажет.
— Бұл тауарлар сатылымда болмауы тиіс. Егер тексеріс кезінде бұзушылықтар анықталса, өнім тәркіленіп, кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады, — деді Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Гүлнар Сүлейменова.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларға санитарлық бақылауға жататын өнімдерді жарнамалау талаптары еске салынды. Кәсіпкерлерге «Nestlé» компаниясының 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап басталған шектеулі партиядағы балалар тағамын ерікті түрде қайтарып жатқаны туралы хабарланды. Қайтаруға үшінші тарап жеткізушісінің шикізатында цереулид токсині болуы мүмкін деген қауіп себеп болған.
Сауда нысандарының өкілдеріне қайтарылатын тауарлардың тізімі көрсетілген ақпараттық материалдар таратылып, оларды қайтару тәртібі түсіндірілді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -8