
Қазақстанда Ақтөбе облысында халықаралық энергетикалық Shell компаниясы қатысатын ірі мұнай-газ жобасын қолдау туралы шешім қабылданды.
«Жаңатұрмыс» жобасы аясында терең геологиялық барлау жүргізіледі. Оның ішінде 5 мың метрден астам тереңдіктегі тұзасты қабаттары мен кристалды іргетасқа дейінгі құрылымдар зерттелмек. Мұндай жұмыстар мұнай-газ саласындағы ең күрделі технологиялық бағыттардың бірі саналады.
Shell RD Offshore Ventures Limited Kazakhstan компаниясы Qassinoil LTD-ден жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алды. Жоспарланған инвестиция көлемі кемінде 17,5 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бағдарламаға шамамен 1 000 шаршы шақырым аумақта 3D-сейсмикалық барлау жүргізу және бір терең барлау ұңғымасын бұрғылау кіреді.
Жобаның жоғары технологиялық күрделілігі мен қолданыстағы келісімшарттың мерзімі (2029 жылға дейін) ескеріліп, бірқатар реттеуші шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, іздеу кезеңінің мерзімі алты жылдан тоғыз жылға дейін ұзартылып, 2032 жылдың тамызына дейін созылды. Сонымен қатар, жобаға «күрделі» мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл мәртебе арнайы заңнамалық тетіктерді қолдануға мүмкіндік береді.
Shell компаниясы өз кезегінде Актөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 миллион теңге бағыттауды міндетіне алды.
«Жаңатұрмыс» жобасын жүзеге асыру Қазақстанның терең геологиялық барлау саласына инвестиция тартудағы және елдің ресурстық базасын нығайтудағы маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
В Атырау -8