
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қара теңізде Каспий құбыры консорциумына бағыт алған мұнай танкерлеріне дрондар арқылы жасалған шабуылдарға алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы 2026 жылғы 14 қаңтарда СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында үш танкер шабуылға ұшыраған. Осыған байланысты Қазақстан тарапы бірқатар еуропалық елдердің елшілерімен, сондай-ақ АҚШ пен өзге де шетелдік серіктестермен шұғыл байланыс орнатқан. Кездесулерде халықаралық құқықты сақтау және теңіз жолдары арқылы энергия тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Ерлан Жетібаев Қазақстанның қарулы қақтығыстарға қатыспайтынын және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, шабуылға ұшыраған танкерлер барлық қажетті рұқсаттармен және сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, Мальта туы астындағы Matilda және Либерия туы астындағы Delta Harmony танкерлеріне дрондар шабуыл жасаған. Оқиғалар салдарынан экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ, мұнай төгілмеген және Қазақстанның экспорттық ресурстарына зиян келмеген. Қазіргі уақытта Каспий құбыры консорциумы терминалында мұнай тиеу қалыпты режимде жалғасып жатыр.
В Атырау -4