Атырау, 14 қаңтар 20:12
 қар жаууы ықтималВ Атырау -4
$ 509.75
€ 594.67
₽ 6.46

Ауладағы малды қырып жатыр: Жылыой ауданының тұрғындары бұралқы иттерге шағымдануда

111 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Жылыой ауданының тұрғындары белгісіз жыртқыштан ақ адал малынан айрылып жатқанын айтып, дабыл қағуда. 

Тұрғызба ауылының тұрғынының айтуынша, өрістегі ғана емес, ауладағы малды да иттер қарнын жарып, тамақтап әбден қинап өлтірген. 

«Шибөрі болар дейтінбіз, ол да тыным бермеуде. Өрістегіні қойып ауладағы малды иттер талап өлтіруде. Бұлай жалғаса берсе мал өсіруді қоятын болармыз. Ауылда тұрғасын мал ұстағың-ақ келеді. Бұралқы иттер тым көбейіп кеткен. Заңға байланысты иттерді атуға болмайды дейді, бұлай бола берсе мал түгілі адамға шабуыл жасайтыны анық. Кеше ғана ауладағы малымды талап өлтірді, бұған шара бар ма»,-дейді ол.

Бұдан бұрын Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон, Қосшағыл ауылдарында осындай факты орын алған еді. 

Әкімдік бұралқы иттерге орынжайды жалға алып отырғанын айтқанымен ол да тұщымды жауап емес. Өйткені онда қанша ит барын нақтылап ақпар берген емес. Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі бұған қосымша аудан бойынша 2 кәсіпкер ит аулаумен айналысатынын жеткізді. Оған өткен жылы 30 млн теңге қаржы қаралып игерілген. 2025 жылдың өзінде 1482 ит ауланып, оның 40 пайызының көзі жойылған. 

Ал ит қапқан адам аудан бойынша тіркелмеген. 

"Заңға өзгеріс енгізу бойынша Жылыой ауданы Мәслихат депутаттары және қоғамдық Кеңес мүшелері тарапынан хаттар бірнеше мәрте жолданды. Бірақ нақты жауап келмеді" дейді аудандық баспасөз қызметі. 

Ит аулаудағы бар ақпар осы. Ал тұрғындар болса, малға шабуылдар әлі де жалғасып жатқанын айтып, нақты шаралар қабылданбаса жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін деп алаңдаулы.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 18:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.