
Атырауда күн жылынған соң көпқабатты үйлердің шатырларынан еріген мұз кесектері түсе бастады.
Қала тұрғындары сүңгілер кіреберіс пен көлік тұрағының үстінде ілініп тұрғанын айтады. Ал шатырды тазалау жұмыстары кейбір аулаларда ұзаққа созылып, кейде тіпті ескерусіз қалуда.
Қауіпті сүңгілер қаланың әр ауданында байқалады. Тұрғындар «қоршау да жоқ, ескерту де жоқ» дейді. Ал қауіптің көшеде жүрген адамдарға да, қасында тұрған көліктерге де төніп тұрғаны белгілі.
«Кіреберістердің үстінде сүңгілер салбырап тұр. Күндізгі уақытта мұз еріп, төменге түседі. Үйден шығу қорқынышты, әсіресе балалармен шыққанда», — дейді қала тұрғыны Айгерім Орынбаева.
Қалалық әкімдік шатырды қар мен мұздан тазарту, сондай-ақ ауладағы қауіпсіздік үшін жауапкершілік ПИК пен қызмет көрсетуші ұйымдарға жүктелетінін еске салды. Олар мұзды дер кезінде тазалап, жазатайым оқиғалардың алдын алуға міндетті.
Әзірге тұрғындар тек жоғары қарап, қауіпті жерлерді айналып өтуге мәжбүр. Қызмет көрсетуші ұйымдар әрекет етпеген жағдайда, тұрғындарға мәселені тіркеп, тиісті орындарға шағымдану ұсынылады.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау 0