
Атырау облысының әкімдігі облыс орталығын екі әкімшілік ауданға бөлу бастамасын қарастыруда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ұсыныс қаланың жаңа бас жоспарына енгізілуі ықтимал. Қала халқы жыл сайын өсіп отырғандықтан, әкімшілік басқаруды жеңілдету үшін осындай қадам жасалмақ. Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Атырауда 391 мыңнан астам тұрғын бар.
«Қазір облыс орталығының бас жоспарына өзгерістер енгізіп жатырмыз. 2040 жылға дейінгі даму бағыты осы құжатта көрсетіледі. Қала аумағы қазіргі 45 мың гектардан 57 мың гектарға дейін ұлғаяды деген жоспар бар. Жайықтың оң және сол жағалауын бөлек аудан етіп қарастырудамыз. Бұл тәжірибе Астана мен Алматы қалаларындағыдай жүзеге асуы мүмкін», – деді Қайрат Нұртаев.
Әкім орынбасарының сөзінше, қалалық әкімдікке барлық аумақты бірдей қамту қиындық туғызады. Сондықтан екі ауданға бөлу ұсынысы назарда тұр.
Сонымен қатар, Еркінқала мен Дамбы ауылын жалғайтын автомобиль көпірін және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу мәселесі де қарастырылып жатыр.
«Атырауда санитарлық және экологиялық қорғау нысандары бар. Бұрын қала сыртында болған кейбір объектілер қазір шаһар аумағына кіріп кеткен. Қайсысын көшіреміз, қайсысын қалдырамыз деген сұрақтар туындап отыр. 2026 жылдың соңына дейін жоспарлау жұмысын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, бекітуді көздеп отырмыз», – деді ол.
Жаңа бас жоспарға көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика және құрылыс салалары бойынша атқарылатын жұмыстар енгізілмек. Құжат дайын болған соң қала тұрғындарына таныстырылып, қоғамдық талқылау ұйымдастырылады. Жоспар мәслихат пен Үкімет деңгейінде бекітілуі тиіс.
Айта кетейік, Атырау қаласының бас жоспары соңғы рет 2016 жылы жасалған. Бұған дейін Тараз қаласы да бас жоспарға сәйкес екі ауданға бөлініп, оларға атау берілген болатын.
В Атырау -3