
Атырау облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде Жангелдин ауылындағы жоғалған отбасыға қатысты жарияланымдар жасаған «Хакер» есімді азаматты іздестіріп жатыр.
Белгілі болғандай, ер адамның аты-жөні – Нұрлан. Ол жоғалған отбасы туралы ақпарат шыққаннан кейін бірден пост жариялап, SIM-карталар мен қаржы қозғалысын талдау арқылы олардың орналасқан жерін анықтағанын мәлімдеген. Кейін ол құқық қорғау органдары тарапынан қысым көріп жатқанын да жазды.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоғалған отбасының орналасқан жеріне қатысты барлық деректер ішкі істер органдарының бөлімшелері жүргізген заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталған.
Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланымдар пайда болғанға дейін ресми түрде тіркеліп, кейіннен бағдар түрінде рәсімделген.
«Аталған тұлға жаңа деректер алған жоқ және ешқандай дербес техникалық талдау жүргізбеген. Оның жариялаған мәліметтері ресми бағдармен толық сәйкес келеді және ол ақпаратты бағдар жасалғаннан кейін ғана алған», — деп хабарлады полиция.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл деректер профильді техникалық мамандардың қатысуымен және байланыс операторлары мен басқа да уәкілетті ұйымдармен бірлесіп жинақталған. Барлық әрекеттер қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүзеге асырылған.
Полиция тарапынан қысым көрсетілді немесе қоқан-лоққы туралы ақпаратты Атырау облысының полиция департаменті жалған деп атады. Құқық қорғау органдары тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырып, жалған мәліметтерді тарату үшін жауапкершілік, оның ішінде қылмыстық жазаға дейін қарастырылатынын еске салды.
Белгілі болғандай, «Хакерге» қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта аталған істер бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ал ер адамның өзіне заңда белгіленген тәртіппен ресми түрде іздеу жарияланды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -3