
Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылының тұрғыны, 25 жастағы Ерасыл Қайырбайды ауылдастары "біздің морж жігітіміз" дейді. Айтса айтқандай Жем өзенінің мұзын ойып, суды серік еткен жігіттің қимылы ширақ, көңілі көтеріңкі.
Ерасыл отбасындағы бес баланың екіншісі. Мектепте оқып жүргенде сахна төрінде ақын Мұқағали Мұқатаевтың өлеңдерін жатқа оқып, талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындардың жеңімпазы танылып жүрді. Негізінен шығармашылыққа жақын балғын мектепті бітіргесін актерлыққа оқуға баруды ұйғарған. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл арманы жүзеге аспай, Ақтөбе қаласындағы колледжден аспаз мамандығын меңгеріп шығады.
Жапондық кухняны игеруге белсене кіріскен жас бұл бағытта жеті жыл жұмыс жасайды. Бірақ келе-келе арманы асқақ жігіт бұл мамандығына қосымша маркетолог болып еңбек етіп жүр. Өмір ағымына қарай инстаграмм, тик-токтан оны жиі көруге болады.
- Мен өмір ағымынан қалғым келмейді, үнемі өзімді жетілдіріп отыруға тырысамын. Кітап оқығанды жақсы көремін, қалай еткенде бос уақыт деген менде болмайды. Қарап отырғым келмейді, алға деген девизді ұстанғанмын,-дейді Ерасыл Айдарұлы.
Бұдан екі жыл бұрын ол алдымен қақаған қыста жеңіл киіммен жүріп үйренеді. Кейін денесін шынықтыру барысында суық суға түсуді бастайды. Алғашында анасы қарсы болады "өкпеңе суық тиіп, сырқаттанасың" деп. Дегенмен жаңашыл жігіт бұл қадамынан қайтпай бұл мақсатын Жем өзеніндегі мұзды ойып, суға түсумен жалғастырады.
Енді қыста күнде түсуді дағдыға айналдырып алған, белгілі уақыт емес, қолы тигенде өзеннен табылады. «Морж» жігіттің бүгінде қатары көбейе бастапты.
- Денсаулыққа өте пайдалы, суық суда 1-1,5 минут тұрғанда тамырлар қатайып, жүрек соғысы күшейіп, кейін қалыпқа келе бастайды. Мен желді күндері де бара беремін, енді тұрақты түрде айналысудамын. Суық су адамға күш-қуат береді, басым жаңарып, тың идеялар пайда болады. Жалпы денең тазарып, алғы күнге деген құштарлығың артады, - дейді Ерасыл өз сөзінде.
Ол 20 градус суықта да салқын су денеме әсер етпейді дейді. Дене шынығып, шымырлана түскен. Шоқпартоғай ауылында бұдан бұрын зейнеткер Жарылқасын Байжанов суық суға түсіп, кейбіреулерге үлгі болғанын айтады Ерасыл.
Ол Оңтүстік аруы Сабинамен отау құрып, егіз Асылхан мен Асылымның аяулы әкесі.
- Армансыз адам болмайды ғой. Өзіңнің алға қойған мақсатың қандай?
- Бес жылдан кейін теңіз жағасында зәулім үйім болып, отбасыммен тату-тәтті өмір кешсем деймін. Бірақ қолымда кітабым болып, әлі де зерттеуді қажет ететін Мұқағалидың өлеңдеріне жан бітіргім келеді. Мен сол мақсатыма жеткенше тынбай еңбек етсем деймін.
Арманы асқақ "морж" жігіттің мақсаты орындалса деймін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видео Ерасылдан
В Атырау -3